
Медициналық сараптама қорытындысымен танысып, «холестерин жоғары» екенін білдіңіз. Әркімді әбігерге түсіретін ыңғайсыз мәлімет екені рас. Бірден гуглды ақтарып, кеңес іздейсіз. Әлбетте, «Статиндер ішіп көрдіңіз бе» деген сауалға кезігесіз.
Осындай препараттар топтамасы кейінгі он жылда жүрек-қан тамырлары ауруларымен күресудің басты әдістерінің бірі ретінде дәріптеліп жүр. Дәрігер дәрінің осы түрін ішуге жиі кеңес беретін болды. Оны көпшілік талқылап та жатыр. Соған қарамастан, адамдар кейде оны себепсіз қабылдай салады. Статиндер төңірегінде алып-қашпа әңгіме де көп. Ақиқаттан гөрі аңыз басым. Ал осы дәріні нақты кімдер ішуі керектігі туралы түсінік тым аз.
Біз Сізге статиндердің не екенін, оның ағзаға әсерін, қай диагноз бойынша адам өмірін сақтап қалатынын, ал кімдерге кесірі тиюі мүмкін екенін түсіндіреміз.
Статин дегеніміз не
Статиндер — қан құрамындағы холестеринді түсіруге арналған препараттар тобы. Ол бауырда холестерин бөлуге қатысатын ферментті бұғаттау арқылы ағзаға әсер етеді. Мұндай фермент ГМГ-КоА-редуктаза деп аталады. Оның белсенділігі төмендеген уақытта, ағзада холестерин аз бөлінеді. Әсіресе, нығыздығы төмен липопротеид (НТЛП) – «нашар» холестерин өндіруге кедергі жасайды. Тапшылықтың орнын толтыру үшін бауыр қан құрамындағы НТЛП-ларды белсенді түрде басып алып, сол арқылы тамырдағы оның көрсеткішін азайтады.
Бірақ статиндер әрекеті холестеринмен ғана шектелмейді. Олар триглицерид деңгейін де түсіреді. Бұл да жүрек-қан тамырлары ауруларын тудыратын майлардың бір түрі. Май айналымы нашар, мәселен, диабет немесе метаболизм синдромына шалдыққан науқастар үшін аса маңызды. Тәжірибе көрсеткендей, статиндер триглицерид көрсеткішін 35–45%-ға дейін төмендетуге көмектеседі. Гипертриглицеридемияға шалыққандарға да пайдалы.
Статиндерді дәрігердің нұсқауымен, бақылауымен қабылдаса, оның ағзаға пайдасы зор болуы мүмкін. Сенімді метаанализге сәйкес, статиндер жеңіл инфаркт қаупін 38%-ға, жеңіл инсульт қаупін 17%-ға, тұрақсыз стенокардияны 25%-ға, жүрек-қан тамырлары ауруы салдарынан өлім көрсеткішін 20%-ға түсіруге жәрдемдеседі.
Бұған қоса, олар жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдықпаған адамдар арасында да өлім қаупін 11%-ға азайтады.
Статиндерге ең әуелі кімдер зәру
Препараттар тобы холестеринді түсіруге көмектесетін таптырмас дәрі болса да, статиндерді барлық мәселенің шешімі деп қабылдауға болмайды. Оның пайдалы екені анық. Бірақ дәрілер тобы нақты қауіп пен адам денсулығының жағдайын ескере отырып тағайындалғанда ғана ем болары анық.
Статиндер инфаркт, инсульт және басқа да қан тамырлары аурулары қаупін төмендетуге көмектеседі. Бірақ олар шынымен қауіп жоғары болғанда, салмақ пен өмір салтын реттеудің басқа жолдары таусылғанда, көбірек пайдаға асады. Жүрек-қан тамырлары ауруларынан емдеу үшін, науқаста төмендегілердің бірі бар болса ғана, дәрігер статиндер қабылдауға нұсқау береді:
- инфаркт, инсульт алса немесе қан тамыры аурулары анықталса – мұндай жағдайда статиндер ағзаны күшейту үшін қажет;
- НТЛП деңгейі жоғары – әсіресе, оның көрсеткіші 190 мг/дл (немесе 4,9 ммоль/л) жоғары болса, гиперхолестеринемияға шалдықса;
- қант диабетінің екінші түрі, әсіресе, қан қысымының көтерілуі, семіздік, темекі шегу секілді ағзаға қауіп бар болса;
- отбасы анамнезінде жүрек-қан тамырлары аурулары кездессе, мәселен, 55 жасқа әлі толмаған әкеде немесе 65 жасқа жетпеген анада осындай ауру байқалса;
- дәрігер 10 жыл ішінде инфаркт немесе инсульт қаупі 10%-дан жоғары деп тапса (оны әдетте SCORE, ASCVD калькуляторымен есептейді).
Қан қысымын реттеу, темекіден бас тарту қаншалықты маңызды болса, жоғарыда айтылған санаттарға жататын науқастар үшін статиндер қабылдау да соншалықты қажет. Бірақ соның өзінде, мұндай препаратты ішу туралы шешім дәрігердің қатысуымен қабылдануы тиіс.
Қай кезде статиндерді қабылдауға болмайды
Қаншалықты тиімді болмасын, ешқандай қажеттіліксіз статиндер тағайындау адам денсаулығына зиян келтіруі мүмкін. Әсіресе, жүрек-қан тамыры ауруларына шалдығу қаупі төмен адамдар «таныстардың бәрінде холестерин бар» немесе «дәрігер айтты» деген желеумен осындай дәрілер тобын ішуі мүмкін ғой.
Маңызды басылымдардың өзінде статиндер холестерин деңгейін түсіргенімен, инфаркт немесе инсульт қаупінен арылу көбіне адам денсаулығының жалпы жағдайына байланысты екенін ескертіп отыр. Мысалы, беделді Cochrane базасында жарияланған метаанализ жүрек-қан тамыры ауруларына шалдықпағандар статин қабылдаған уақытта, одан пайда 1000 адамның бар болғаны 18-де ғана кездесетінін көрсетті.
Бұл дегеніңіз – статин қабылдаған 982 адамға бес жылда препарат еш әсер етпегенін білдіреді. Бұл ретте, көп болмаса да, жанама кері әсері болуы мүмкін екенін ескертіп өткен жөн. Адамдардың кейбірінің бұлшықеті ауырып, ұйқысы мен бауыр жұмысы бұзылуы мүмкін.
Маңызды кеңес: статиндер барлық ауруға ем емес. Ол темекіден бас тарту, белсенділік немесе салмаққа назар бөлуді алмастыра алмайды. Оның үстіне, жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдықпағандар, әсіресе холестерин деңгейі аздап жоғары, бірақ басқасы орнында тұрған адамдарға статин ішудің қажеті жоқ.
Аңыз бен ақиқат: адамдар көп шатасатын дүниелерді түсіндіру
Жылдар бойы статиндер төңірегінде алып-қашпа әңгімелер көбейіп барады. Олардың бірқатары препараттың жанама кері әсері ауыр дегеннен басталып жатады. Соңы адам сенгісіз аңызға ұласа береді. Қайсысы аңыз, қайсысы ақиқат екенін түсіндіріп өтейік.
Статиндер бауырды өлтіреді
Дәрілер тобының жанама кері әсері бары бар, бірақ бауырды қатты зақымдау өте сирек кездесетін құбылыс. Дәрігер бауырдағы ферменттердің аздап көбейгенін анықтауы мүмкін. Ол үшін препаратты доғарудың қажеті жоқ – өзі-ақ жойылып кетеді.
Статиндер қатерлі ісік ауруын туғызады
Бұл да өшпес аңыздардың бірі. Алайда зерттеулер мен метаанализдер көрсеткендей, статиндер қатерлі ісік ауруы қаупін арттырмайды. Сенуге тұрарлық сараптамалардың ешқайсысы статиндер мен онкоаурулардың өршуі арасында байланыс таппады.
Статиндер диабетке ұрындырады
Рас. Статиндер қабылдау, шынымен, диабеттің екінші түрінің күшею қаупін аздап арттыруы мүмкін. Әсіресе, қарт кісілер арасында. Алайда мұндай қауіптен гөрі пайдасы көбірек: диабеті бар адамдардың өзінде статиндер жүрек талмасы мен инсульттың алдын алуға көмектеседі.
Статиндерді 50 жасқа толған адамдардың бәрі ішуі керек
Осындай тезис жиі айтылады. Бірақ ресми кеңестерде мұндай ұсыныс кездеспейді. Дәлелді медицина қағидасымен жұмыс істейтін бір де бір ұйым статиндерді 50 жастан асқандардың бәрі тағайындау керек демейді. Терапия туралы шешім адам жасына емес, жеке тұлғаның жүрек-қан тамырлары ауруының 10 жылдағы қаупіне қатысты қабылдануы тиіс. Мұндай қауіп 5%-дан аз болса, статиндер тағайындау өзін ақтамайды деген сөз.
Бастаған екенсің — бас тартуға болмайды
Препараттан бас тарту, шынымен, дәрігердің бақылауымен жүзеге асуы керек. Бірақ бұл статиндердің өмірдің аяғына дейін ішу керек деген сөз емес. Өмір салтының өзгеруі, қауіптің төмендеуі және дәрігердің келісімімен терапияны қайта қарауға болады.
Шешімді қалай қабылдаған жөн
Әлбетте, статин дәрілерін ішу-ішпеу туралы шешімді дәрігермен бірге қабылдаған дұрыс. Мамандар денсаулықтың жалпы жағдайын бағалап, оның оң-терісін бағамдап, дәл сізге қатысты ем тағайындайды. Шешім қабылдауға мынадай факторлар әсер етуі мүмкін:
- Жүрек-қан тамырлары аурулары қаупі жоғары болса – мәселен, инфаркт немесе инсульт болса, диабет, гипертония, жоғары холестерин немесе туғаннан соған бейімділік бар кезде – статиндер қабылдау шынымен көмектесуі мүмкін. Олар осылардың болуын немесе қайталану қаупін төмендетуге көмектеседі.
- Қауіп аса жоғары болмаса, шешім жеке адамға қатысты қабылданады: дәрігер цифрларға сүйеніп қана емес, жасыңызға, өмір салтыңызға, басқа да аурулардың бар-жоғын ескере отырып терапия тағайындайды.
- Қауіп төмен, ал жалғыз ғана кінәрат – холестериннің сәл ғана жоғары екені болса, онда емді дәріден емес, өмір салтын түзеуден бастау қажет. Мәселен, дұрыс тамақтану, дене шынықтыру, темекіден бас тарту деген секілді.
Осы факторлардың бәрі ескерілген соң, дәрігер сізге қажетті препарат пен қабылдау кестесін таңдайды. Қажет болып жатса, дәрі қабылдаған бірнеше аптадан кейін емделу жоспарын қайта қарауға болады.
Тағы бір маңызды жайт: сұрақ қоюдан қорықпаңыз. Статиндер қабылдау туралы шешім сізге пайда әкелу керек. Ең дұрысы, үнемі қаралып, денсаулықты күтуден артық ештеңе жоқ.