Банк пен қаржы

Тамыздан бастап Қазақстанда жаңа банк жұмыс істей бастайды

МФО KMF
Фото: Shutterstock

Биыл наурызда банкке айналуға рұқсат алған KMF микроқаржы ұйымы 2025 жылғы тамыздан бастап азаматтарға банк қызметін ұсына бастайды. Бұл туралы қаржы мекемесінің өзі хабарлайды.

Соған байланысты KMF 30 шілдеден бастап 3 тамызға дейін қаржы операцияларының барлық түрін техникалық себепке орай тоқтатты. Осы күндері операциялардың мына түрлері іске аспайды:

  • Шағын несиені жабу: мекеме бөлімшелері мен терминалдарда (KMF пен оның әріптестерінің);
  • Шағын несие беру: бөлімшелер мен мобильді қосымшаларда;
  • Қайта рәсімдеу, анықтама және басқа да құжаттар алу.

Қаржы мекемесіндегілер осы уақытқа жоспарланған төлемдерді 4-8 тамыз аралығында ешқандай комиссиясыз, айыппұлсыз және өсімпұлсыз төлеуге болатынын ескертті. Төлемді кассалар мен KMF терминалдарында жүзеге асыруға болады.

«Осы өзгерістер Сіздерге жаңа банк қызметтерін тезірек ұсыну үшін жасалып отыр. Банк ашылғаны туралы мәлімет қосымша хабарланады», – деп жазылған KMF мәліметінде.

Шағын несие беруші ұйым 2025 жылғы наурызда банкке айналуға рұқсат алған. Құзырлы мекеме мұндай шешімді банк саласында бәсекені күшейту мақсатында қабылдаған.

2025 жылғы 25 маусымда корей холдингіне еншіліс BNK Finance Kazakhstan компаниясы банк лицензиясын алған алғашқы микроқаржы ұйымы атанды. Жаңа банк BNK Commercial Bank деп аталады.

2025 жылғы шілдеде Fitch Ratings агенттігі «KMF (КМФ)» қаржы ұйымына «B+» және «BBB(kaz)» рейтингін берді. Рейтинг бойынша болжам – «Тұрақты».

KMF нарықта 1997 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Компанияның 17 филиалы мен 122 бөлімшесі бар. KMF жеке тұлғаларға, шағын және орта кәсіпке қаржы қызметтерін ұсынады, сонымен бірге ауыл шаруашылығының дамуын қолдайды.

Ұлттық банктің 1 сәуірдегі мәліметінше, KMF МҚҰ осы сектордағы 213 ұйымның ішінде бірінші орында тұр. Активі – 347,6 млрд теңге, кредит портфелі – 228,6 млрд теңге. Таза пайдасы – 2,4 млрд теңге.

KASE мәліметінше, компания акцияларының 60,44%-ы «KMF — ДЕМЕУ» компаниясына тиесілі. 9,9%-ы MultiConcept Fund Management S.A үлесінде. Legal Owner Emerging Markets B.V. мен KAZ Finance B.V үлестері – 6,72% . Тағы 6,22% Legal Owner Triodos Funds B.V. компаниясына тиесілі.