Ұлттық валюта инвервенциядан соң 10 теңгеге нығайды

Жарияланды 31 Шілде 2025 16:12

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
Ұлттық валюта құнсызданып, Биткоин раллиі аяғына жетті / фото: shutterstock
Фото: shutterstock

Қазақстан қор биржасында (KASE) доллардың теңгеге шаққандағы бағамы жарияланды. 31 шілде сағат 15.30-дағы мәлімет бойынша, 1 АҚШ доллары 540,78 теңге тұрады. Ұлттық валюта ҰБ интервенция жүргізгелі бері шамамен 10 теңгеге нығайды.

KASE-дегі күндізгі валюта саудасы барысында 88 млрд теңге, яғни шамамен 163 млн долларға қаржы операциялары жүзеге асты. Бір тәулік бұрын 443,8 млн долларға сауда жасалғанын айта кетейік.

Бір тәулікте төл валюта бірден 5,42 теңгеге нығайды. Ал Ұлттық банк (ҰБ) ақша саудасына араласып, интервенция жүргізген сәттен бері жергілікті валюта шамамен 10 теңгеге нығайды. Себебі бір күн бұрын теңгенің долларға шаққандағы бағамы 550 теңгеден жоғары көтеріліп кеткен еді. Содан кейін ҰБ теңгенің құнсыздануын тежеуге кірісті. Интервенция барысында қыруар ақша жұмсалды.

Екінші деңгейлі банктерде, сонымен бірге ақша айырбастау мекемелерінде де теңге айтарлықтай нығайды. Kurs.kz мәліметінше, Алматы қаласындағы айырбас пунктерінде 1 доллар 540 теңгеден қабылданып, 542 теңгеден сатылып жатыр. Астана қаласында, әдеттегідей, бағам сәл жоғарырақ – 539 және 546.

Айта кетейік, 31 шілдеде вице-премьер Роман Скляр Қазақстанда доллар арзандайды деп мәлімдеген.

Интервенция деген не? Ұлттық банк валюта саудасына не себепті араласты? Осы сұрақтардың жауабын білгіңіз келсе, Kursiv.Media материалына өтіңіз.

Сондай-ақ оқыңыз