АҚШ Ресейден мұнай-газ сатып алатын елдерге де санкция салуы мүмкін

Ресей санцияларды айналып өту жолдарын үйренді, бірақ АҚШ Мәскеуге шектеудің басқа түрін салуды көздеп отыр. Америкалық сенатор Ресейден мұнай мен газ сатып алатын елдерге санкция енгізуі мүмкін екенін мәлімдеді.
«Соған қарағанда, сіздер [Ресей] дұрыс түсінбей отырсыздар. Президент Трамп ойын ережесін өзгертіп, мұнай мен газ сатып алатын, сіздердің әскери машиналарыңызды қолдап отырғандарға да баж салығын енгізгелі отыр. Бәлкім, сіздерге тез арада осы елдермен хабарласып, олардың не ойлайтынын білулеріңіз керек шығар», – деп жазды сенатор Линдси Грэм әлеуметтік желіге.
Сенаторды АҚШ санкцияларының авторы деп те атайды. Грэмнің санкциялары жобасының мазмұнын РБК түсіндірді. Басылымның мәліметінше, Ресейден отын сатып алып, Украинаға көмектеспеген елдердің АҚШ-қа экспорттайтын тауарына 500% баж салығы салынуы мүмкін. Шектеуге ұшырауы мүмкін елдер деп сенатор Үндістан мен Қытайды атады. Грэмнің мәлімдеуінше, Трамп енгізетін тариф әзірге 100% болуы мүмкін.
Естеріңізге сала кетейік, АҚШ президенті Дональд Трамп 2025 жылғы 14 шілдеде Мәскеуден атысты доғаруды талап етіп, ойлануға 50 күн уақыт берген. Алайда 28 шілдеде Ақ үй қожайыны «Путиннен көңілі қалғанын» мәлімдем, ультиматум мерзімін 10 күнге дейін қысқартқан.
Кейінгі уақытта Трамп Ресей президентінен көңілі қалғанын жиі айтып жүр. Осының алдында ғана Вашингтон америкалық қару-жарақтарды Украинаға сатуға рұқсат берген.
Трамп Ресейге санкция салар болса, оның кесірі Қазақстанға да тиюі мүмкін. Себебі ол бұның алдында Ресеймен байланыс орнатқан елдерге де шектеу енгізетінін мәлімдеп үлгерген. Қазақстан – Ресейдің ең ірі сауда әріптестерінің бірі.