Жер сілкінісі қаупін ескертуге Қытай мамандары көмектеседі

Қазақстанға жер сілкінісі секілді табиғат апаттарын алдын ала ескерту ісіне Қытай мамандары көмектеседі. Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары Кеген Тұрсынбаев осылай деп мәлімдеді.
31 шілдеде Астанада баспасөз конференциясын өткізген вице-министрдің айтуынша, Қазақстандағы 20 өңірдің 15-і сейсмикалық қауіпті аумақта орналасқан.
«Олардың тоғызы аса қауіпті аймаққа жатады. Сол себепті осы салада ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Төтенше жағдайлар министрлігінің (ТЖМ) 98 сейсмостанциясы жұмыс істеп тұр. Кейінгі бес жылда оларды жетілдіріп жатырмыз. Қазіргі таңда олардың 70%-ы қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген», – дейді Тұрсынбаев.
Оның айтуынша, Қазақстанда 2024-2028 сейсмологиялық кешенді жоспар бар. Соның аясында материалдық-техникалық базаны жетілдіру жұмыстары атқарылып жатыр.

Бұған қоса, вице-министр осы салада Қытай мен Қазақстан арасындағы меморандум қабылданғанын айтып өтті. Қазір жергілікті мамандар осы елдің «Beidou» компаниясымен бірге жұмыс істеп жүр.
«Қытай компаниясымен төтенше жағдайды алдын ала ескерту саласында әріптестік орнатылған. Қытай мамандары табиғи апаттарға мониторинг жасау үшін қажетті озық технологияларын бізге көрсетті. Біз олардың соны әдістері мен озық технологияларын үйреніп жүрміз. Олар бізге қауіпті алдын ала ескерту жүйесін жетілдіруге көмектеседі», – дейді шенеунік.
Сонымен бірге, сейсмология саласындағы негізгі терминдер бекітілді. Жергілікті атқарушы органдарға сейсмология станциялары желісін өз бетімен жетілдіру құзыреті берілді.
Бұған қоса, кезекшіліктегі маман лауазымды тұлғалардың алдын ала бұйрығынсыз халықты қауіп туралы хабардар ете алады. Мұндай шара халық қауіпсіздігін жоғары деңгейде қамтамасыз етуге көмектеседі.
Қазақстанда жылына 7 мыңға дейін, кейде 10 мыңнан астам жер сілкінісі болып тұрады.
Естеріңізге сала кетейік, бір күн бұрын Ресейдің Камчатка өңірінде магнитудасы 8,8 балдық зілзала болды. Жерасты дүмпуінен соң Тынық мұхитта цунами басталды.