Найзағай, дауыл, бұршақ: шілденің соңғы күні елімізде ауа райы қандай болады

«Қазгидромет» РМК мамандары 31 шілдеге арналған ауа райы болжамын ұсынды. Шілденің соңғы күні елдің басым бөлігінде найзағай ойнап, бұршақ жауып, екпінді жел соғады. Ал батыс және оңтүстік аймақтарда +36 градусқа дейін күн ысиды.
«Солтүстік-батыс циклоны және онымен байланысты жылжыған атмосфералық фронтальды бөліктер салдарынан Қазақстан аумағының басым бөлігіне найзағай ойнап, жаңбыр жауады, солтүстікте, солтүстік-батыста, орталықта нөсер жаңбыр болады, солтүстікте, солтүстік-батыста, шығыста бұршақ жаууы мүмкін. Қазақстанның солтүстігінде түнде және таңертең тұман болады деп болжануда», – деп жазды «Қазгидромет» РМК.
Синоптиктер елімізде жел екпін алып, күндіз оңтүстікте, оңтүстік-батыста шаңды дауыл болатынын айтады.
«Күндіз Атырау өңірінде, Батыс Қазақстан облысының батыста, оңтүстігінде, Абай облысының оңтүстігінде және Шығыс Қазақстан облысында аптап ыстық болады деп күтіледі. Сынап бағаны +36°C дейін көтерілуі мүмкін», – деп жазылған «Қазгидромет» РМК хабарламасында.
Бұдан бөлек елдің басым бөлігінде өрт қауіптілігі де жоғары болады.