
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр жаңа Салық кодексі күшіне енген кезде тұрғын үй бағасы 20%-ға қымбаттайды деген болжамдарға өз жауабын берді.
Вице-премьер жаңа Салық кодексі тұрғын үйдің шаршы метрі бағасына еш әсер етпейді деп сендірді.
«Жаңа Салық кодексі қарапайым азаматтарға ешқандай әсер етпейді. Біз жыл соңына дейін 19 млн шаршы метрден астам тұрғын үй саламыз. Баспана бағасын нарықтық әдістермен реттеп отырмыз», – деп жауап берді Скляр Үкіметте өткен брифингте.
Склярдың айтуынша 10 жыл бойы мемлекет жеке меншік құрылыс компанияларына тұрғын үй тапсырысын беру арқылы бағаға ықпал етіп келеді.
«Бізде тұрғын үй бағасы өсті деп айтуға келмейді. Мен қазір бизнес-класс немесе элиталық тұрғын үйлер жайлы емес, нақты эконом-класс сегменті туралы айтып отырмын. Мұндай тұрғын үйлердің бағасы дәл өз құнына сай. Бұл сегментте бағаның күрт өзгеруі байқалмайды. Жаңа Салық кодексі қабылданған соң, ірі құрылыс компаниялары бизнесін бөліп, аса көп пайда табатын тәжірибе тоқтайды. Олар енді салық төлейтін болғандықтан, пайдасы азаяды», – деп түсіндірді вице-премьер.
Оның айтуынша, «Бақытты отбасы», «Наурыз Жұмыскер» сияқты мемлекеттік бағдарламалар өз жұмысын жалғастырады.
«Дегенмен, біз баға параметрлерін реттеп отырамыз. Тағы да қайталап айтамын, нарықтық тәсілмен, бірақ баға реттелетін болады», – деп сендірді Премьер-Министрдің орынбасары.
Осы сұраққа бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов те жауап берген еді. Үкімет басшысы да салық кодексінің нормалары күшіне енгеннен кейін, баға саясатында күрт өсім болмайды деп сендірді.