11 тамызда жаңа бизнес-идеяларға грант алу үшін өтінім қабылдау басталады

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
5 мыңға жуық кәсіпкерге қайтарымсыз грант беріледі / Фото: kursiv.media архиві

 11 тамыздан бастап Қазақстанда бизнес бастауға арналған гранттарға өтінім қабылдау қайта басталады. Ол үшін Business.enbek.kz сайтына кіріп, өтінім толтыру керек. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Бұл жолы ел бойынша 5 мыңға жуық грант беру жоспарланып отыр. Әр гранттың мөлшері – 1 572 800 теңге (яғни 400 АЕК). Қаражат бір реттік, қайтарымсыз негізде, тек бизнес дамытуға беріледі.

Грант кімдерге беріледі

Өтінімді ресми тіркелген жұмыссыздар мен тіркелгеніне үш жыл толмаған жеке кәсіпкерлер бере алады.

Міндетті шарт – үміткердің кем дегенде бір әлеуметтік санатқа жатуы тиіс:

  • мүгедектігі бар адамдар; 
  • көпбалалы немесе аз қамтылған отбасылар; 
  • ішкі көшіп-қонушылар; 
  • қандас мәртебесі бар азаматтар; 
  • мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар; 
  • асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы алушылар.

Сонымен қатар үміткерде «Бастау Бизнес» сертификаты болуы қажет, ол соңғы үш жылдың ішінде алынған болуы шарт.

Қаражат не үшін беріледі

  • жабдықтар мен құрал-саймандар сатып алуға; 
  • ғимарат немесе кеңсе жалдауға; 
  • ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстарды алуға; 
  • тұқым, көшет және қажетті материалдарға.

Қайда жұмсауға болмайды

  • несие өтеуге; 
  • жеке қажеттіліктерге; 
  • тұрғын үй сатып алуға; 
  • алкоголь және темекі өнімдеріне. 

Мұндай мақсаттағы өтінімдер автоматты түрде қабылданбайды.

Өтінімді қалай беруге болады

  • Business.enbek.kz порталында тіркелу; 
  • Жүйеден тексерістен өту; 
  • Бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, толтыру; 
  • Өтінім мен бизнес-жоспарды ЭЦҚ арқылы порталға жүктеу.

Сондай-ақ ХҚКО немесе жұмыспен қамту орталығына жүгінуге болады. Онда өздігінен қызмет көрсету аймақтары бар.

«Өтінімдерді арнайы комиссия қарайды. Олар бизнес-идеяның жүзеге асу мүмкіндігін, жұмыс орындарын ашу әлеуетін және келешегін бағалайды. Қабылданған жағдайда жеке кабинетте хабарлама пайда болады. Кейін келісімшарт жасалып, қаражат аударылады. Грант иесі міндетті түрде есеп беріп отыруы тиіс»,– деп түсіндірді министрлік.

Айта кетейік қайтарымсыз гранттың бірінші легіне мамыр айында берілген болатын.

Сондай-ақ оқыңыз