Министр Сауранбаев ҚТЖ-ның дефолтқа ұшырамайтынын айтты

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Нұрлан Сауранбаев ҚТЖ-ның дефолтқа ұшырау қаупін жоққа шығарды / Фото: kursiv.media архиві

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев осыған дейін өзі басшылық еткен «Қазақстан темір жолының» (ҚТЖ) қазіргі қаржылық жағдайына қатысты пікір білдірді.

Үкіметте өткен брифинг барысында БАҚ өкілі өткен жылы Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайыловтың ҚТЖ-ның дефолтқа ұшырау қаупі туралы мәлімдемесіне қатысты сауал жолдады.

 «Сіз көлік министрі қызметіне келмей тұрып, ҚТЖ-ны басқардыңыз. Бірақ былтыр ЖАП төрағасы Әлихан Смайылов “ҚТЖ дефолт жағдайында» деп айтқан болатын. Сіз  ҚТЖ-ны сол дефолт жағдайынан шығарып келіп отырсыз ба, жоқ  әлде мәселелер әлі бар ма ол жерде?”, – деп сұрады БАҚ өкілі. 

Сауранбаев ол уақытта Әлихан Смайылов басқа мәселені меңзегенін айтады. Министр сөзіне сенсек, ЖАП төрағасы «ҚТЖ басқа салаға 300 млрд теңге көлемінде көмектесіп жатыр» деген. 

«Ондай тәжірибе болашақта да жалғаса беретін болса, онда банкрот болады деп айтқан болатын.  Дефолт 2-3 жылдан кейін болуы мүмкін деді. Негізі қазір ондай сұрақ жоқ. ҚТЖ жақсы келе жатыр. Көрсеткіштері жақсы. Келесі жылы IPO болады. Сол уақытта инвесторлар қалай бағалайтынын көресіз»,– деп жауап берді Сауранбаев.

Алайда Премьер-министр Олжас Бектенов  «Қазақстан темір жолы» (ҚТЖ) ұлттық компаниясының акциялары 2025 жыл соңына дейін IPO-ға шығатынын айтады.

Еске салсақ Жоғары аудиторлық палата да компания тиімсіз басқару салдарынан қиын жағдайға тап болғанын атап өткен болатын. Палата төрағасы Әлихан Смайылов ҚТЖ теміржол операторы өз міндеттемелерін төлей алмай, дефолттың аз-ақ алдында тұрғанын мәлімдеген.

2024 жылы «Қазақстан темір жолы» компаниясының қарызы 851,9 млрд теңгеден 1,36 трлн теңгеге дейін жетті. Сонымен қатар облигациялық қарыздың құны 1,29 трлн теңгені құрады. Осылайша, «ҚТЖ»-ның жалпы қарызы 2,65 трлн теңге болып, алдыңғы жылғы 2,1 трлн теңгемен салыстырғанда, айтарлықтай артқан. 

Сондай-ақ оқыңыз