«Bek Air» ұшақ апатына қатысты тергеу ісі қайта басталады

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Қазір ведомство тергеуді қайта бастау үшін құжаттарды дайындап жатыр / Фото: kursiv.media архиві

Азаматтық авиация комитеті 2019 жылы желтоқсанда болған Bek Air ұшағының апатына қатысты тергеуді қайта жүргізеді. Бұл туралы Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді.

 «Бұл – ішкі тергеу. Себебі әлі де жауапсыз сұрақтар бар, оның ішінде журналистер жиі көтеретін сауалдар да бар. Егер қосымша фактілер табылса, біз өзге де уәкілетті органдарға жүгінеміз», – деді Сауранбаев Үкіметтегі брифингте.

Министрдің айтуынша, мұндай авиациялық оқиғаларды қарау әдетте ұзақ уақытты талап етеді. Қазір ведомство тергеуді қайта бастау үшін құжаттарды дайындап жатыр.

Алматы түбіндегі ұшақ апаты жайлы

Еске салсақ, 2019 жылы Bek Air әуе компаниясының Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына бағыт алған ұшағы Алматы маңында апатқа ұшырады. Таңғы 07 :22 кезінде № Z2100 рейсті ұшақ көтерілу биіктігін жоғалтып, бетон қоршауды бұзып, екі қабатты құрылыс нысанымен соқтығысқан. Әуе апаты салдарынан, 12 адам қаза тауып, 49 адам зардап шеккен. Ұшақ бортында 93 жолаушы мен экипаждың 5 мүшесі болған.

2021 жылы Алматы облысының Талғар аудандық соты бұрынғы шенеуніктер мен риелторға Bek Air ұшағы апат болған Алматы әуежайының жанынан жерді заңсыз бөліп беру ісі бойынша үкім шығарды. Бұрынғы үш шенеунікке 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Қалғандары 2,5 жылдан 4 жылға дейін сотталды. 

Антикордың елордалық департаменті Азаматтық авиация комитеті қызметкерлеріне қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр. Алматы қаласы əуеайлағының ұшуға жарамдылығы сертификатын 2018 жылы заңсыз берген деген айып тағылған. Ол 2019 жылы «Fokker-100» ұшағының апатқа ұшырауына əкеп соққаны белгілі. Бұл туралы Бас прокуратураның депутаттық сауалға берген жауабында жазылған

Апатқа кім кінәлі?

Бес жылға жуық тергеуден кейін ІІМ «Bek Air» ұшағының апатына қаза тапқан ұшқыштарды кінәлі деп санайды. Осыған дейін ІІМ «Курсивтің» ресми сауалына жауап берген еді. Министрліктің мәлімдеуінше, әуе кемесінің командирі және екінші ұшқыш іс бойынша күдікті деп танылған, олардың іс-әрекеттері ҚК-нің 344-бабының 3-бөлігі бойынша сараланған.

Сондай-ақ оқыңыз