
Алматыдағы «Бағанашыл» балалар үйінің қызметкерлері жұмысқа орналастырылатын болды. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігі хабарлады.
Ресми ақпаратқа сәйкес, олар қала әкімдігіндегі басқармаға қарасты ұйымға жұмысқа орналасады.
«Бүгін Алматы қаласы мәслихатының депутаттары мен Қоғамдық кеңес мүшелері, сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқығын қорғау комитетінің, Алматы қаласы және Алматы облысы білім басқармаларының өкілдері «Бағанашыл» шағынауданындағы «Арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау облыстық орталығы» КММ ұжымымен жеке кездесу өткізді», – деп хабарлады әкімдік.
Кездесуде балалар үйінің жұмысына қатысты өзекті мәселелер талқыланған.
Орталықтың қызметкерлеріне Алматы облысынан Алматы қаласы Басқармасына қарасты ұйымға ауыстырылып, еңбек құқығы сақталып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес еңбек шарттары қайта рәсімделетіндігі және бұл жеке жазбаша келісім арқылы жүзеге асырылатыны айтылған.
«Балалар үйі қызметкерлерін жұмыстан босату туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Сондай-ақ, «Бағанашыл» балалар үйінің тәрбиеленушілері өз Орталығының аумағында тұра береді және Алматы қаласында білім алады», – делінген ақпаратта.
Айта кетейік, бұған дейін Бағанашыл ықшам ауданында орналасқан №1 балалар үйіндегі тәрбиеленушілерін Қонаевтағы жаңа ғимаратқа көшіру мәселесі көтерілді.
Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев балалар үйі көшірілмейді деген тапсырма берді, ал жанжалды Президент әкімшілігі өкілдері тексерді.