
Мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау жөніндегі республикалық комиссия өз жұмысын бастады. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.
Ал грант иегерлерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланады.
Комиссия құрамында Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар, бiлiм саласы кәсiподақтарының, «Атамекен» ұлттық кәсiпкерлер палатасының, жоғарғы оқу орындары қауымдастығының, қоғамдық ұйымдардың өкілдері бар. Олар үміткерлердің өтініштерін қарастырады. Әрі қарай талапкерлердің ҰБТ-да жинаған балдарына және бекітілген ережелерге сәйкес конкурстық негізде білім беру гранттары тағайындалады.
«Білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысуға 113 мыңға жуық өтінім берілді. Талапкерлердің басым бөлігінің таңдауы «Педагогикалық ғылымдар», «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары» және «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» бағыттарындағы мамандықтарға түсті», – деп хабарлады министрлік.
Қабылдау науқанының нәтижесіне сәйкес болашақ аудармашылар, мұғалімдер, психологтар, дизайнерлер және заңгерлер арасында бір гранттық орынға ең үлкен конкурс болады.
Конкурстық ірiктеудiң қорытындысы Ғылым және жоғары білім министрлігінің, сондай-ақ Ұлттық тестілеу орталығының ресми сайтында және әлеуметтік желілерінде 10 тамызға дейін жарияланады.
Ал жоғары оқу орындарына құжаттарды қабылдау 25 тамызда аяқталады.
Айта кетейік, бұған дейін «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры 2022 жылы болған Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан және жарақат алған азаматтардың балаларына, сондай-ақ әлеуметтік осал топтан шыққан жастарға жаңа оқу жылына 500 білім грантын бөлді.