«Кешірім болмайды»: Қарашөкеев Мойынқұмдағы атысқа қатысты пікір білдірді

Жамбыл облысы әкімі Ербол Қарашөкеев Мойынқұм ауданындағы атысқа байланысты пікір білдірді.
Айта кетейік, 29 шілдеде Жамбыл облысында атыс болып, 4 адам ауруханаға түсті. Содан кейін ішінде екі адамның жағдайы ауыр екені хабарланды.
«Жастар арасында болған құқықбұзушылыққа байланысты тиісті органдар шұғыл әрекет етіп жатыр. Мемлекет басшысы тап өткендей, заң үстемдігі мен қоғамдық тәртіпті сақтау – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Бұл істе ешқандай кешірім болмайды – күдіктілер заң аясында жауапқа тартылады», – деді облыс әкімі әлеуметтік желідегі парақшасында.
Сондай-ақ Қарашөкеев жастарды тәртіпті болуға, бір-біріне сыйластықпен, түсіністікпен қарауға, арандатушылықтан аулақ болуға шақырды.
«Біздің басты мақсатымыз – қауіпсіз, әділетті және бірлікке негізделген қоғам құру», – дейді ол.
Жамбыл облысы полициясының хабарлауынша, атысқа қатысы бар 4 күдікті ұсталды. Олар – Мойынқұм ауданының тұрғындары.
Қазір күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.