Жаңалықтар

Алименттен қасақана жалтарған ер адам 1 жылға шартты түрде сотталды

Алименттен қасақана жалтарған ер адам 1 жылға шартты түрде сотталды
Алименттен қасақана жалтарған ер адам 1 жылға шартты түрде сотталды/Фото: shutterstock

Бас прокуратура жағдайы бола тұра әдейі алимент төлемей жүрген ер адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны туралы хабарлады.

Алматы қаласының Алмалы ауданында жеке сот орындаушысы жүргізген істерде алимент бойынша берешек сомасы 1,5 млрд теңгеден асқан.
 
Тексеріс көптеген борышкерлер автокөлігі мен жылжымайтын мүлігі болғанына қарамастан, сот шешімін орындаудан саналы түрде жалтаратынын көрсеткен.
 
Осыған байланысты прокуратураның бастамасымен қаланың Полиция департаментімен бірлескен жұмыс ұйымдастырылған.
 
Қабылданған шаралардың нәтижесінде борышкерлерден 22 автокөлік алынып, айыппұл тұрағына қойылған. Бес іс бойынша мүлік алынғаннан кейін 7 миллион теңгеден астам қарыз толығымен өтелген. Өндірілген қаржының жалпы сомасы 74 млн теңгеден асқан.
 
Алименттен қасақана жалтарғандардың кейбірі қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Олардың біреуі Қылмыстық кодекстің 139-бабына сәйкес кінәлі деп танылған. Ол сот шешімін қасақана орындамағаны, кірісін жасырып, нәтижесінде 11 миллион теңгеден астам қарыз болғаны анықталған.
 
Оған пробациялық бақылау тағайындала отырып, бас бостандығын бір жылға шектеу жазасы шыққан.

Бұған дейін, балаларына 6 млн теңге қарызы бар маңғыстаулықтың 1 жылға бас бостандығы шектелген.