Жаңалықтар

Сайрандағы екі адамның қазасынан кейін, қандай да бір тұлғаларға шара қолданылды ма

Сайрандағы екі адамның қазасынан кейін қандай да бір тұлғаларға шара қолданылды ма
Сайрандағы екі адамның қазасынан кейін, қандай да бір тұлғаларға шара қолданылды ма/Фото: Алматы әкімдігінің сайты

Kursiv.Media Сайран көлінде екі адам суға кеткеннен кейін, Алматы әкімдігіне «ашылмаған көлдегі қауіпсіздік шаралары қаншалықты сақталған еді», «суға түсуге тыйым салынған жерге жүздеген адамның шомылуына жол бергендерге қандай да бір шара қолданылды ма» деп сауал жолдаған.

Жауап берген Алматы қаласы Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы аталған сауалдарды жауапсыз қалдырып, ағымдағы қауіпсіздік шаралары мен көл аумағына келушілердің тәртіп ережелерін бұзатыны туралы ақпарат жіберген.

Басқарманың мәліметінше, Сайранға күніне 4 мыңнан астам келеді.

«Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Полиция, Төтенше жағдайлар департаменті және Құтқару қызметі келушілермен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Шомылуға тыйым салынатыны туралы ескертетін қоршау белгілері орнатылған», – делінген басқарма жауабында.

Әкімдікке қарасты мекеме қабылданып жатқан шараларға қарамастан, қоғамдық тәртіптің сақталмауы жалғасып жатқанын жеткізген. Көгалдандыру элементтері мен кіші архитектуралық формаларды зақымдау, қоқыс тастау тыйылар емес.

«Мұндай әрекеттер құрылыс және абаттандыру жұмыстарының жүргізілуін қиындатып, жоспарланған шаралардың жүзеге асуын баяулатады», – дейді басқармадағылар.

Сонымен қатар басқарма Сайран көлі суының сапасы гигиеналық нормативтерге сәйкес келмейтіні анықталғанын, осыған байланысты көлге шомылуға қатаң тыйым салынғанын атап өткен.

Ал демалыс аймағын абаттандыру жұмысы әлі аяқталмаған.

«Аталған аумақтың ресми ашылуы әлі өткізілген жоқ, нысан пайдалануға берілмеген, ал абаттандыру элементтерінің бір бөлігі, соның ішінде қосымша қоқыс жәшіктері мен кіші сәулет нысандарының орнатылуы әлі аяқталған жоқ», – деп қоса кеткен.

Басқарма барлық жұмыстар толық аяқталғаннан кейін аумақ жарықтандыру, демалыс аймақтары, бейнебақылау жүйесімен толық жабдықталатынын айтады.

Жаңартылған Сайран ресми ашылмаса да тұрғындардың аумақта серуендеуіне шектеу жоқ. Тіпті жаз басталғанда көл суына шомылушылар көп болды. «Шомылуға болмайды» деген бірнеше тақтайша ілулі тұрғанымен, олар тұрғындарды тоқтата алмады. Десе де оларды тоқтатқан да ешкім болмады. 25 маусым күні екі бірдей адам суға кетіп қаза тапқаннан кейін жағалауға қоршау қойылды.

Бұған дейін, Kursiv.Media Сайран көлі қарайтын Алмалы ауданының әкімі Арман Шамшиннен «екі адам суға кеткен жағдайға жауапкершілікті кім арқалайды» деп сұраған. Арман Шамшин «азаматтық тұлға ретінде тергеуге байланысты түсініктеме бере алмаймын» деп қысқа қайырған.