Транзит пен туризм асфальттан басталады

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Транзит пен туризм - асфальттан басталады
Транзит пен туризм – асфальттан басталады/Фото: KursivMedia

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамы Алматы – Қонаев – Күрті бағыты бойынша баспасөзге арналған тур ұйымдастырды. Оның аясында туристер арасында танымал жол инфрақұрылымының жағдайы мен өткізу терминалы жұмысының барысы, жол сапасының туризмге әсері мен Қонаев – Күрті жолын жаңғырту жұмысы туралы ақпарат берілді.

«Қазавтожол» ҰК» АҚ Алматы облыстық филиалының бөлім басшысы Жанат Өтепбергенов автомобиль жолы саласында ұлттық оператор жасап жатқан жұмыс аз еместігін, тек соны қоғамға көрсету жағы кемшіл түсіп жатқанын айтады. Сөзінше, компания қоғам сұранысынан, айтылар сыннан әрдайым хабардар.

«Бізде жасалып жатқан жұмыс көп. Соны көпшілікке көрсетіп, қоғаммен жақын бола түскіміз келеді. Өйткені жолымыз ортақ. Оның жайлы болғаны бәрімізге керек. Біз халықтың талап-тілегін, айтар сынын естіп, көріп отырмыз. Сынды дұрыс қабылдап, қызметіміз бен өкілетімізге кіретін жұмыстарды ұдайы жетілдіріп келеміз. Бүгін солардың бірқатарымен таныстырғымыз келеді», – деді Жанат Өтепбергенов.

Жанармай құю бекеттеріне қойылатын талаптар

Фото:KursivMedia
Фото:KursivMedia

Журналистер бірінші Алматыдан шығаберісте тізіле орналасқан жанармай құю бекеттеріне аялдады. Жанат Өтепбергеновтің айтуынша, мұндай бекеттер ұлттық стандарттарға сай, арнайы техникалық талап бойынша салынады.

«Техникалық шарттарға бекеттерге қауіпсіз кіріп-шығуды қамтамасыз ету, дүкен, жылы дәретхананың болуы талаптары енеді. Соңғы кездегі сұранысқа сай, бекеттерге намаз оқитын жерлер қарастырылып жатыр. Бизнес өкілдері жанармай бекеттерін саларда осы шарттарды орындауға тиіс. Талапқа сай келмейтін бұрын ашылған бекеттер біртіндеп талапқа келтіріліп жатыр. Осындай кешендерге сұраныс арта тұскендіктен, оған кәсіпкерлердің өзі де мүдделі болып отыр», – дейді бөлім басшысы.

Фото:KursivMedia
Фото:KursivMedia

Сондай-ақ ол сұранысқа қарай алдағы уақытта осындай бекеттерге электромобильдерді қуаттайтын қондырғылар қойылуы мүмкін екенін атап өтті.

Kursiv.Media тілшісі Алматы облысындағы Кеген, Нарынқол аудандарына қарай мұндай бекеттер арасы неліктен алшақ екенін сұраған. Жанат Өтепбергенов бұл сұраныс пен коммуникациялық инфрақұрылымға байланысты екенімен түсіндірді.

Күніне 50 мыңға дейін көлік жүйіткиді

Фото:KursivMedia
Фото:KursivMedia

Мұнан соң ақылы жолға кірер-шығар жердегі өткізу бекетінің жұмысы көрсетілді. Мұнда ішкі істер министрлігінің базасымен интеграцияланған жүйе әр көлікті тіркеп, одан ақылы жол үшін төлем алады. Бекет алдын ала төлем жасағандар үшін 6, сол жерде төлем жасауға арналған 6 терминалмен жабдықталған.

«КАЖсервис» ЖШС инженер-архитекторы Дәурен Зәкіров қазіргідей туристік маусым қызған шақта көлік терминалы арқылы екі бағытқа қарай тәулігіне 50 мыңға тарта көлік өтетінін жеткізді.

Фото:KursivMedia
Фото:KursivMedia

«Алматыдан Қонаевқа дейінгі жолдың ұзындығы 42 шақырымнан асады. Бұл өңірдің туристік нысандарына апатын маңызды көлік күретамыр. Өздеріңіз білетіндай автобан ақылы. Жеңіл көліктер үшін ақы 140 теңге, автобустар мен жүк көліктері үшін 270-тен 1370 теңгеге дейін. Қонаев, Алатау қалалары мен Іле ауданында тіркелген көліктер үшін абонемент қарастырылған. Жылдық абонемент құны 1 айлық есептік көрсеткішті (3932 тг) құрайды. Жол жамылғысының тегіс әрі сапалы болуына байланысты аталған учаске арқылы жүретін жолаушылар саны жыл сайын артып келеді. Жұмыс күндері 25 мың – 27 мың көлік өтсе, демалыс күндері 50 мыңға дейін барады. Осы орайда жүргізушілерді жол ақысын алдын ала төлеуге шақырамыз. Терминалдағы көлік кептелісі көбіне осы төлем жасаудағы кідіріс салдарынан болады», – дейді инженер-сәулетші.

Қонаевқа биыл 1 жарым миллион турист келмек

Жолдың жайлылығы туристер легінің артуына әсер етіп жатқанын облыстық туризм басқармасының инфрақұрылымды дамыту және туристік жобаларды жүзеге асыру бөлімінің басшысы Шерхан Есентеміров те атап өтті.

Фото:KursivMedia
Фото:KursivMedia

Оның айтуынша, туристік маусымның соңына дейін Қонаев қаласына 1 млн 600 мыңдай адам келеді деп күтіліп отыр.

«Оның ішінде шетелдік туристер де, еліміздің өзге өңірлерінен келіп жатқан қонақтар да, Алматы агломерациясына кіретін елдімекендердің тұрғындары да бар. Бұл тек қонақүйлерден алынатын қонып кетіп жатқан туристер статистикасы. Күндіз келіп жатқандар, пәтер, үй жалдап тұратындар статистикадан тыс қалып отыр. Мұндай туристік лекке жолдың жайлылығы оң әсерін беріп жатқаны анық. Қазіргі таңда Көшпенділер қалашығына жол салу жоспарланған, сондай-ақ Қайыңды көліне апарар жол жөнделіп жатыр. Ол бірер жылда аяқталады. Жалпы облыстағы туристік орындардың 90 пайызынан астамына апаратын жол бар. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса береді», – дейді ол.

Қонаев-Күрті жолы аяқталуға жақын

Фото:KursivMedia
Фото:KursivMedia

Мұнан кейін журналистер Қонаев-Күрті учаскесіндегі жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты. Аталған учаске республикалық маңызы бар Астана-Алматы трассасының жалғасы. Ұзындығы 67 шақырым. Пайдалануға берілгеннен кейін, Алматы-Өскемен – Алматы-Астана тас жолын жалғамақ. «Қазавтожол» ұлттық компаниясы Алматы облыстық филиалының бөлім басшысы Жанат Өтепбергенов учаске елдің транзиттік әлеуетін арттыратынын жеткізді.

Фото:KursivMedia
Фото:KursivMedia

«Жол Қытайдан келетін тауарларды Алматыға кірмей, бірден Орталық Қазақстанға, Астана, ары қарай Ресей бағытына тасымалдауда мүмкіндік береді. Жұмысты 2020 жылы бастағанбыз, жыл соңына дейін аяқтауға әрекет етіп жатырмыз. Мердігер жаңғырту шараларына 300-ден астам адам, 150-ден аса техника тартқан. Сонымен қатар 3 асфальт-бетон зауыты істеп тұр. Бүгінде астыңғы асфаль-бетон жабыны мен мастикалы шебен қоспасынан жасалған асфальт төсеу жұмыстары жүріп жатыр», – дейді ол.

Жанат Өтепбергенов Алматы облысында республикалық маңызы бар жолдар желісінің жалпы ұзындығы 1734 шақырымды құрайтынын атап өтті. Оның ішінде 700-ден астам шақырым жол І санатқа жатады. Осыдан 10 жыл бұрын І санаттағы жол небәрі 100 шақырым болған. «ҚазАвтоЖолдағылар» осынша қауіпсіздігі жоғары жол салу елеулі көрсеткіш екенін айтады. Ал бұл елдің транзиттік әлеуетін арттырып, автотуризмнің дамуына әсерін береді.

Сондай-ақ оқыңыз