2025 жылы уран өндірісі артқанымен, сатылым төмендеген

2025 жылдың алғашқы жартысында Қазақстан уран өндірісін 13%-ға арттырған. Бұл туралы «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы өндірістік есебінде хабарлады.
Компанияның дерегінше, 6 айда 12 242 тонна уран өндірілген Ал бірлескен кәсіпорындардағы үлесі бойынша есептелген өндіріс көлемі 11%-ға өсіп, 6 430 тоннаны құрады.
Сонымен қатар шілде айында «Казатомөнеркәсіп» пен француз Orano-ның бірлескен кәсіпорны – «Катко» уран өңдейтін жаңа зауытты іске қосты. Жылдық қуаты 2 000 тонна болатын кәсіпорын Төртқұдық кен орнының оңтүстік бөлігінен алынатын уранды өңдейді. Бұл өндіріс қазіргі кен орындарын кезең-кезеңімен алмастыруға тиіс.
Алайда өндірістегі өсімге қарамастан, сатылым көлемі төмендеді. 2025 жылдың алғашқы алты айында топ бойынша уран сату көлемі 2%-ға азайып, 7 625 тоннаны құрады. Оның ішінде «Казатомөнеркәсіп» тікелей 6 980 тонна уран сатты.
Биыл сатылатын уран бағасы да арзандаған. Оған себеп – есепті кезеңде уранның споттық бағасының 24%-ға төмендеуі.
Салада сыртқы факторлар да белсенді өзгеріп жатыр. Екінші тоқсанда уран нарығы жоғары белсенділікпен сипатталды. АҚШ жауапты тарифтерді ұзартты, бірақ уран оған кірмеді. SPUT (Sprott Physical Uranium Trust) нарықтан 200 млн долларға уран сатып алып, баға өсуіне түрткі болды. Дүниежүзілік банк атом энергетикасын қаржыландыруға салынған тыйымды алып тастады. Ұлыбритания 19,2 млрд долларды жаңа Sizewell C АЭС құрылысына бөлді.
Қазақстан да АЭС салу жоспары аясында халықаралық консорциум құруда «Росатомды» жетекші серіктес ретінде таңдады. Қазіргі таңда Румыния және Словакиямен уран жеткізу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Компания 2025 жылға арналған өндірістік жоспарларын өзгертпеді. 100% негізіндегі өндіріс көлемі 25 000–26 500 тонна деңгейінде сақталады. Ал шоғырландырылған кірісі 1,6–1,7 трлн теңге көлемінде болжанған. 2024 жылғы қорытындылар бойынша акционерлерге 327,9 млрд теңге дивиденд төленді.
Компанияның ірі акционерлері – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ (75%), ҚР Қаржы министрлігі (12,01%) және CITIBANK, N.A.-NY (номиналды ұстаушы ретінде) – 24,35%.
Бұңған дейін «Қазатомөнеркәсіп» Словакияға уран жеткізуді жоспарлап отырғанын хабарлаған.