АҚШ Қазақстан тауарларына 25% баж салығын салды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Трамп
Трамптың салығы өз күшіне енеді / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

АҚШ президенті Дональд Трамп 2025 жылғы 31 шілдеде жаңа жарлыққа қол қойып, бірқатар елдерден келетін тауарларға қосымша баж салығын енгізді. Бұл қадам 2025 жылғы 2 сәуірде жарияланған сауда теңсіздігіне байланысты қабылданған шаралардың жалғасы саналады.

Жарлықта нақты көрсетілгендей, АҚШ-тың көпжылдық сауда тапшылығы, яғни импорттың экспорттан басым болуы елдің ұлттық қауіпсіздігі мен экономикалық мүдделеріне қауіп төндіреді деп бағаланған.

Қазақстанға 25% баж салығы енгізіледі

АҚШ билігінің тізімінде Қазақстан да бар. Жаңа жарлыққа сәйкес, Қазақстаннан АҚШ-қа импортталатын тауарларға қосымша 25% тариф енгізіледі. Бұл шешім мынадай себептерге негізделген:

  • Қазақстан АҚШ-пен саудада өзара теңгерімге (reciprocity) қол жеткізбеген елдердің қатарында;
  • Сауда және қауіпсіздік салаларында тиісті келісімдер жасамаған немесе келіссөздерді жеткілікті дәрежеде жүргізбеген елдердің бірі ретінде бағаланған.

Тізімге енген елдермен салыстырғанда, бұл — орташа жоғары деңгейдегі баж мөлшерлемесі. Трамп шешіміне сәйкес, Қытайға қатысты тарифтер бөлек реттеледі.

Үндістан, Малайзия, Индонезия, Тайланд сияқты елдерге 19–25% аралығында баж салығы салынса, Лаос пен Мьянмаға 40% салық енгізілді.

Жаңа салық жайы

Бұған дейін Трамп Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, 2025 жылғы 1 тамыздан бастап Қазақстаннан импортталатын тауарға 25% баж салығын енгізетінін ескерткен. Осы күнге дейін Құрама Штаттар қазақ тауары үшін 10% көлемінде сауда салығын алып келеді. Тоқаев Трамптың хатына жауап жазып, бұл орайда әділ де түсінікті, өзара тиімді сауда байланыстарын дамытуға бейіл екенін атап өткен.

Десе де қазақ үкіметі Трамптың жаңа салығы Қазақстаннан экспортталатын тауарлардың 95 пайызына салынбайды деп мәлімдеді. Өйткені қазақстандық экспорттың басым бөлігі — мұнай, уран, күміс, ферроқорытпа, тантал және титан сияқты негізгі шикізат пен стратегиялық тауарлар. Оларға жаңа салық тарифі таралмайды.

Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов те бұл салықтың экспортқа ауқымды әсері жоқ деген пікірде.

Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы 2024 жылы 4,2 млрд. АҚШ долларын құраған.

Сондай-ақ оқыңыз