Жаңалықтар

Үлескерлік туралы заң өзгерді: салынып жатқан үйге ипотека берілмейді

үлескер
Үлескердік құрылысқа қатысты заң қалай өзгерді / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2025 жылғы 30 маусымда «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заңға өзгерістер енгізілді. «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» баспасөз қызметінің басшысы Перизат Шакенованың айтуынша, бұл өзгерістер екі негізгі бағытты қамтиды: үлескерлердің құқығын қорғау және құрылыс салушыларға қойылатын талапты күшейту. Олардың біразы 1 қыркүйектен күшіне енсе, бірқатары 2026 жылдан қолданылады.

Бірінші маңызды жаңалық – салынып жатқан үйге ипотека тек құрылыс ресми түрде мақұлданғаннан кейін ғана беріледі. Құрылыс салушы халықтың ақшасын тарту үшін міндетті түрде Қазақстан тұрғын үй компаниясының кепілдігін немесе әкімдіктің рұқсатын алуға тиіс. Сонымен қатар үлестік қатысу шарты міндетті түрде «Қазреестр» жүйесінде тіркелуі керек.

Қазақстан тұрғын үй компаниясының дерегінше, 2024 жылы салынып жатқан үйлердің 67%-ы (390 тұрғын үй кешені, 145 мыңнан астам пәтер) кепілдіксіз немесе рұқсатсыз сатылған. Мұндай жағдайлар азаматтар үшін үлкен қауіп тудырады. Егер құрылысқа «Қазақстан тұрғын үй компаниясының» кепілдігі болса, үй белгіленген мерзімде және шартқа сай салынады.

Екінші маңызды шара – құрылыс кезінде тұрғын үйді сату үшін алдын ала келісімшарт жасасуға тыйым салынады. Бұл – брондау, алдын ала сатып алу-сату, инвестициялау келісімшарттары және заңда жоқ басқа да әдістер. Тек заңда белгіленген үлестік қатысу шартына ғана рұқсат етіледі және ол «Қазреестрде» тіркелуі тиіс.

Үшінші маңызды өзгеріс – барлық есеп айырысу тек қолма қол ақшасыз, екінші деңгейлі банктер арқылы жүргізілуі тиіс. Банк алдымен құрылыс салушының тіркелгенін, рұқсат немесе кепілдік бар-жоғын тексереді. Егер жоқ болса – ақша аударылмайды.

Төртінші жаңалық, 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап құрылысқа рұқсаты жоқ нысандарды жарнамалауға тыйым салынады.

Перизат Шакенованың айтуынша, бұл өзгерістер тек заңнамалық шаралар емес, азаматтардың құқығын қорғауға бағытталған нақты қадам.

«Қазір біз азаматтарды пәтер алмас бұрын құрылыс салушының рұқсат құжаттарын тексеру және тек заңды келісімшарт жасасуға шақырамыз. Бұл – жай қағаз емес, қауіпсіздіктің кепілі», – деді ол.

Осы ретте мамандар құрылысы бітпеген үйге ақша салмас бұрын құрылыс салушыны тексеріп алуды ұсынады. Алдымен компанияның кепілдік немесе әкімдік берген рұқсаты бар-жоғын анықтау. Одан кейін оек үлестік қатысу туралы заңды келісімшарт жасап, келісімшартты «Қазреестрде» тіркелгеннен кейін ғана ақшасын төлеу керек.

Халықтан 4,6 млрд теңге жинап алған құрылыс компаниясына қатысты іс сотқа жолданған.