Ұлттық банк теңгені қолдау үшін өз резервінен 125,6 млн доллар сатқан

Шілде айында теңге күрт әлсіреп, доллар бағамы 550 теңгеге жеткен кезде, Ұлттық банк нарыққа араласып, өз резервіндегі долларды сатты. Валюта интервенциясы аясында бас банк 125,6 млн доллар жұмсаған. Ұлттық банк интервенция алыпсатардың белсенділігін азайтып, нарықта долларға деген сұранысты қамтуға мүмкіндік берді деп тұжырымдайды.
Жалпы шілдедегі теңге бағамы 4%-ға әлсірегенде, Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа айлық көлемі бір айда 235 млн АҚШ долларынан 260 млн АҚШ долларына дейін жетті. Жалпы сауда-саттық көлемі 5,7 млрд АҚШ долларын құрады.
Өткен айда Ұлттық қордан 700 млн АҚШ доллар көлемінде валюта сатылды. Одан түскен қаржы бюджетке құйылады.
«Бұл республикалық бюджетке трансферттер бөлуді, сондай-ақ «Талдықорған-Үшарал» магистральдық газ құбырын салу жөніндегі инфрақұрылымдық жобаны қаржыландыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Ұлттық қордың сату үлесі жалпы сауда көлемінің 12%-ын, немесе күніне шамамен 32 млн АҚШ долларын құрады», – делінген хабарламада.
Ал тамызда Ұлттық қордан 400-500 млн доллар сатылуы мүмкін.
Одан бөлек «теңестіру» операциясы аясында шілдеде 290 млрд теңге алынды. Тамыз айында осы мақсатта шамамен 290 млрд теңге баламасында валюта сату жоспарланған.
Квазимемлекеттік сектордағы компаниялар өз табысынан 450 млн долларды сатқан.
«БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін ұзақ мерзімді кезеңде кемінде 40% деңгейінде ұстап тұру мақсатында Ұлттық Банк шілде айында биржа сауда-саттығында шетел валютасын сатып алды, оның жалпы сомасы 35 млн АҚШ долларын немесе жалпы сауда-саттық көлемінің шамамен 0,6%-ын құрады. Ағымдағы бағам деңгейінде БЖЗҚ валюта үлесінің 40%-дан асуына байланысты тамыз айында БЖЗҚ зейнетақы активтері есебінен валюта сатып алу жоспарланбайды», – делінген хабарламада.
30 шілде күнгі интервенциядан соң теңге бірден 10 теңгеге нығайды.