Мемлекеттен қалай үй алуға болады

Мемлекеттен үй алуға бола ма? Тегін бе? Кімдердің жеңілдікпен үй алуға құқығы бар? Баспаналы болуға мемлекет тарапынан қандай жәрдем беріледі?
«Отбасы банктің» тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы осындай жиі қойылатын сауалдарға нақты жауап беріп отыр. Онда үй алуға үміткерлерге қойылатын талаптар мен шарттар көрсетілген.
Әрине, мемлекет тегін үй беруді қарастырмайды. Десе де, «Тұрғын үй қатынасы туралы» заңда азаматтардың баспаналы болуы үшін қолдау шаралары көрсетілген.
Қандай көмек беріледі?
Баспаналы болғысы келетіндерге мемлекеттің төрт түрлі көмегі бар. Санамалап шықсақ, алғашқысы – мұқтаж адамдарға кейінірек сатып алуға болатын жалға берілетін тұрғын үй. Бұған барлық санаттағы адамдар қатыса алады.
Сонымен қатар тұрғын үйді жалға алу төлемдеріне субсидия жасалады. Мәселен, отбасы мүшелеріне шаққанда айлық табысы күн көріс деңгейінен аспайтын жанұяның жалдау ақысының тең жартысы, яғни 50 пайызы төленеді.
Үйі жоқтарға жеңілдігі бар ипотекалық тұрғын үй несиесі де қарастырылған. Бұл да болса, үлкен көмек екені даусыз. Алғашқы жарнаның он пайызын құйып, мүмкіндігіне қарай 2, 5 және 7 пайызбен 20 жылға дейін жеңілдігі бар ипотека рәсімделеді.
Сондай-ақ тұрғын үй сертификаттары бар.
Не істеу керек?
Тұрғын үйге мұқтаж адамдар, ең алдымен есепке тұруы қажет. Цифрландыру дәуірінде оның жолы оңайлай түскені анық. Бұл үшін orken.otbasybank.kz парақшасына кіріп, өтінім беру жеткілікті.
Бұл – арнайы электронды мәліметтер базасы. Онда Қазақстан азаматтары мен тұрғын үй алуға тілек білдірген қандастар туралы мәлімет қордаланады.
Ал Бірыңғай республикалық тұрғын үй кезегі базасында тұрғандарға orken.otbasybank.kz есебіне тұрудың қажеті жоқ.
Бұл жеңілдіктерге кімдер ие болады?
Әрине, аз қамтылғандар отбасылар – бірінші кезекте. Заң бойынша, осы жеңілдіктерге соғыс ардагерлері, бірінші және екінші топ мүгедектері немесе мүгедек балалары бар отбасы, зейнеткерлер, жетім балалар ие болады. Қандастар мен экологиялық апат немесе төтенше жағдайда тұрғын үйінен айырылғандар да осы көмекке жүгіне алады. «Алтын алқа», «Күміс алқа» алған көпбалалы аналар, толық емес отбасы және өзге де бірқатар санаттағы адамдар кіреді.
Санатқа жатпайтындар да үй кезегіне тұра алады
Әлеуметтік аз қамтылғандар санатына кірмейтін азаматтар да үй кезегіне тұра алады. Оларға қойылатын бірқатар талап бар. Мәселен, соңғы бес жылда атында үй болмауы қажет.
Заңға сәйкес, тұрып жатқан жалғыз баспанасы апатты жағдайда деп танылса, кезекке тұруға құқылы.
Еліміздегі мегаполистер – Астана, Алматы және Шымкент қалаларының тұрғындары үшін қосымша шарт бар. Соңғы үш жылда осы қалалардың бірінде тіркеуде тұру керек.
Айта кететін жайт, «Отбасы банктің» ипотека нарығындағы үлесі 55% болып отыр.