Forbes Kazakhstan ең бай алты кәсіпкердің дәулетін қайта есептеді

Жарияланды 1 Тамыз 2025 11:48

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
Forbes
Фото: shutterstock

2025 жылғы 1 тамызда Forbes Kazakhstan елдегі ең бай алты миллиардердің дәулетін қайта есептеп шықты. Себебі кейінгі бірнеше айда қаржы саласында үлкен өзгерістер болып, басылымның мамырдағы тізімі ескіріп қалған.

Жергілікті Forbes-тің жаңартылған шағын рейтинг жариялауына «жаңа келісімдер мен биржадағы жетістіктер» себеп болды. Басылым соның нәтижесінде биыл Қазақстандағы миллиардерлер тізімі өзгерді деп есептейді.

Вячеслав Ким империясы

1 тамызда таңертең жарияланған қысқа рейтингке бар болғаны алты миллиардер кірді. Forbes Kazakhstan бірінші орынға Вячеслав Кимді қойды. Басылым 56 жастағы кәсіпкердің дәулетін 7,73 млрд долларға (2025 жылғы мамыр — $7,1 млрд) бағалады. Оның капиталының басым бөлігі – Kaspi.kz-тегі үлес.

Жергілікті Forbes Ким дәулетін қайта санаған уақытта кәсіпкердің Alatau City Bank-тің (бұрынғы Jusan Bank) 100% акциясын сатып алуын ескерген. Ірі сауда келісімі 2025 жылғы маусымның басында жасалғаны мәлім. Ғалымжан Есенов қаржы ұйымын нақты қаншаға сатқаны әзірге белгісіз. Бірақ биыл 1 маусымда банк активі 3,4 трлн теңгеге бағаланған.

Тимур Турлов / фото: Freedom Holding
Тимур Турлов / фото: Freedom Holding

Тимур Турлов тұғыры

Forbes Kazakhstan елдегі ең бай кәсіпкерлер рейтингінің екінші сатысына Тимур Турловты қойып, оның дәулетін 7,6 млрд долларға бағалады. Басылым мамырдағы тізімде кәсіпкер байлығы 5,8 млрд доллар болғанын, содан бері айтарлықтай көтерілгенін атап өтті.

Айта кетейік, ғаламдық Forbes-тің онлайн-рейтингінде Турлов қазақстандық кәсіпкерлер арасында бірінші орында тұр. Себебі 1 тамызда кәсіпкерге тиесілі Freedom Holding Corp. акцияларының құны америкалық Nasdaq биржасында холдинг тарихындағы ең жоғары межеге көтерілді, ал компанияның нарықтағы құны 11,3 млрд доллардан асты. Соған байланысты Турловтың дәулетін тағы 366 млн долларға өсті. Ғаламдық Forbes оның дәулетін 7,9 млрд долларға бағалады. Қазір ол ғаламдық Forbes нұсқасы бойынша, Қазақстандағы ең бай адам.

Ал Forbes Kazakhstan рейтингінде FRHC акцияларының екі күн бұрынғы көрсеткіші есепке алынған.

Болат Өтемұратов / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов
Болат Өтемұратов / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Өрлеген Болат Өтемұратов

Жергілікті Forbes кәсіпкер Болат Өтемұратовтың дәулетін шамамен екі есе өсіріп, 6,46 млрд долларға дейін көтерді. Үш ай бұрынғы тізімде оның байлығы 3,5 млрд долларға бағаланған еді. Енді 67 жастағы кәсіпкер Қазақстандағы ең бай үшінші адамға айналды.

Басылым оның дәулетінің артуына 2025 жылғы шілдеде Қазақстан қор биржасында (KASE) ForteBank акциялары құнының көтерілуі себеп болғанын атап өтті. Өтемұратов қаржы ұйымының 91,1% үлесіне ие.

Банк акциялары кәсіпкердің Home Credit Bank-ті сатып алу жөніндегі келісімін жариялаған күні күрт көтерілген.

Бұған қоса, Өтемұратов КаР-Тел (Қазақстандағы «Билайн» байланыс операторы) компаниясының бақылау пакетіне ие. Кәсіпкер биыл қаңтарда The Ritz-Carlton Vienna қонақүйін араб миллиардері Мұхаммед Алаббарға сатты.

Мыс магнаты Владимир Ким

Жаңарған рейтингте мыс магнаты Владимир Ким 5,7 млрд доллармен төртінші орында тұр. 64 жастағы кәсіпкер Қазақстандағы ең ірі тау-кен өндірістерінің бірі – KAZ Minerals Ltd. компаниясының 63,5% үлесіне ие. Бұған қоса, Ким Kazakhmys Holding Limited холдингінің 70%-на, «RBK Банктің» 89,79% акциясына иелік етеді.

Владимир Кимнің негізгі активтері биржада саудаланбайды, сол себепті оның тізімдегі дәулеті өзгерген жоқ.

Динара және Тимур Құлыбаевтар

Forbes Kazakhstan Динараның да, Тимурдың да дәулетін 5,6 млрд доллар деп бағалады. Ерлі-зайыпты Құлыбаевтар рейтингте бесінші орынды бөлісіп тұр. Олар «Алмэкс» холдинг тобы» арқылы Халық банкке бақылау орнатқан. Холдинг банк акцияларының 69,77%-ына иелік етеді. 2025 жылдың алғашқы бес айында банк 400 млрд теңгеден астам пайда тапты.

Қаржы саласынан бөлек, Құлыбаев мұнай-газ, өнеркәсіп, сауда және жылжымайтын мүлік салаларындағы кәсіптерін дамытып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз