Газа өңіріндегі аштық: әуеден жауған көмек (фотокөрме)

Аштыққа ұрынған Газа тұрғындарына әуеден гуманитарлық көмек тасталып жатыр. 31 шілдеде Израиль 43 тонна жүк лақтырса, 1 тамызда неміс армиясы тағы 14 тонна азық-түлік түсірді. Араб елдері де көмектесіп жатыр.
Жұма күні АҚШ президенті Дональд Трамптың Таяу Шығыстағы арнайы өкілі Стив Виткофф сектордың оңтүстігіндегі Рафахтағы гуманитарлық көмек бөлу орталығына барды. Саясаткер кеше Иерусалимде Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен кездескен.

Газа тұрғындары Израиль билігінің 43 тонна азық-түлікті әуеден тастағанын «теңізге тамған бір тамшы ғана» деп бағалады. Өйткені секторда мыңдаған адам ашығып жатыр.

Сектордың қарапайым тұрғындары америкалық шенеунікке ашығып жатқан халықтың алдына шығып, қасіретті өз көзімен көруге кеңес берді.
«Аштықтан қырылып жатқан адамдар, құр сүлдері қалған жандар… Олар халықтың аш отырғанын растау үшін ғана арнайы өкіл жолдап отыр ма?» – деп сұрайды Раед Радван есімді тұрғын CNN тілшісінен.

«Әскери шенді Виткоффке: сапарыңыз кезінде Израиль жағы ұйымдастырып жатқан қойылымға қанағаттана салмаңыз. Газа секторындағы шынайы жағдайды түсінуге тырысыңыз», – дейді Нима Хасан есімді газалық әйел.

Өткен аптада Израиль билігі секторға гуманитарлық көмек жеткізуге рұқсат берген. Содан бері БАӘ, Иордания, Египет және басқа да елдер әуе арқылы азық-түлік жеткізіп жатыр.

БҰҰ мәліметінше, 1 мыңнан аса палестиналықты азық-түлікке талас кезінде израиль сарбаздары атып өлтірген. Соған қарамастан аш халық қарулы адамдардан да қорықпай, тамаққа қарай ұмтылып жатыр. Оның алдында әлемдегі жүздеген гуманитарлық ұйым мен құқық қорғаушы Газаны аштық жайлады деп дабыл қаққан.