Жаңалықтар

Газа өңіріндегі аштық: әуеден жауған көмек (фотокөрме)

Газа тұрғындарына әуеден тасталған гуманитарлық көмек / фото: REUTERS/Hatem Khaled
Газа тұрғындарына әуеден тасталған гуманитарлық көмек / фото: REUTERS/Hatem Khaled

Аштыққа ұрынған Газа тұрғындарына әуеден гуманитарлық көмек тасталып жатыр. 31 шілдеде Израиль 43 тонна жүк лақтырса, 1 тамызда неміс армиясы тағы 14 тонна азық-түлік түсірді. Араб елдері де көмектесіп жатыр.

Жұма күні АҚШ президенті Дональд Трамптың Таяу Шығыстағы арнайы өкілі  Стив Виткофф сектордың оңтүстігіндегі Рафахтағы гуманитарлық көмек бөлу орталығына барды. Саясаткер кеше Иерусалимде Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен кездескен.

Газа тұрғыны ұн алып келе жатыр / фото: REUTERS/Hatem Khaled
Газа тұрғыны ұн алып келе жатыр / фото: REUTERS/Hatem Khaled

Газа тұрғындары Израиль билігінің 43 тонна азық-түлікті әуеден тастағанын «теңізге тамған бір тамшы ғана» деп бағалады. Өйткені секторда мыңдаған адам ашығып жатыр.

Газа секторында мыңдаған адам көмекке зәру / фото: REUTERS
Газа секторында мыңдаған адам көмекке зәру / фото: REUTERS

Сектордың қарапайым тұрғындары америкалық шенеунікке ашығып жатқан халықтың алдына шығып, қасіретті өз көзімен көруге кеңес берді.

«Аштықтан қырылып жатқан адамдар, құр сүлдері қалған жандар… Олар халықтың аш отырғанын растау үшін ғана арнайы өкіл жолдап отыр ма?» – деп сұрайды Раед Радван есімді тұрғын CNN тілшісінен.

Газа секторы / фото:  REUTERS/Hatem Khaled 
Газа секторы / фото:  REUTERS/Hatem Khaled 

«Әскери шенді Виткоффке: сапарыңыз кезінде Израиль жағы ұйымдастырып жатқан қойылымға қанағаттана салмаңыз. Газа секторындағы шынайы жағдайды түсінуге тырысыңыз», – дейді Нима Хасан есімді газалық әйел.

Газа секторына гуманитарлық көмек лақтырып бара жатқан ұшақ / фото: REUTERS/Hatem Khaled
Секторға гуманитарлық көмек лақтырып бара жатқан ұшақ / фото: REUTERS/Hatem Khaled

Өткен аптада Израиль билігі секторға гуманитарлық көмек жеткізуге рұқсат берген. Содан бері БАӘ, Иордания, Египет және басқа да елдер әуе арқылы азық-түлік жеткізіп жатыр.

Жүк арқалаған газалық әйел  / фото: REUTERS
Жүк арқалаған газалық әйел / фото: REUTERS

БҰҰ мәліметінше, 1 мыңнан аса палестиналықты азық-түлікке талас кезінде израиль сарбаздары атып өлтірген. Соған қарамастан аш халық қарулы адамдардан да қорықпай, тамаққа қарай ұмтылып жатыр. Оның алдында әлемдегі жүздеген гуманитарлық ұйым мен құқық қорғаушы Газаны аштық жайлады деп дабыл қаққан.