
Эстрада әншісі Мирас Жүгінісов қоғам сынына ұшыраған ағасы Рүстем үшін кешірім сұрады. Ол бауырының харассментке қатысты пікірімен келіспейтінін Threads әлеуметтік желісінде жазды.
Естеріңізге сала кетейік, жақында Ақтөбедегі мешітте Эммануэлла Наурызбаева есімді қызға белгісіз ер адам «бір реттік никях» ұсынып, мазасын алғаны жөнінде бейнежазба тараған еді. Осы оқиға қоғамда қызу талқыланып жатыр.
Рүстем Жүгінісов әлеуметтік желіде қыздың өзін кінәлаймын деп, көпшіліктің сынына ұшырады. Мәселен, продюсер Баян Алагөзова оғаш пікір айтқан әншіні жауапқа тартуды талап етті.
Енді Рүстемнің інісі Мирас Жүгінісов те осы дауға араласып, бауырының жеке пікірімен келіспейтінін мәлімдеді.
«Соңғы күндері ағамның айтқан пікірі қоғамда үлкен резонанс тудырып, кейбір жандардың көңіліне тиіп жатыр. Ол өз ойын білдірген жеке тұлға. Мен өз жолым, өз ұстанымым бар адаммын.
Мен отбасымның әр мүшесін құрметтеймін, бірақ олардың жеке көзқарастары менің ойыммен әрдайым сәйкес келе бермейді. Сол үшін де кейбір кезде мәселелер туындайды», – деп мәлімдеді ағасына араша түсуге тырысқан Мирас.
Бұған қоса, жас әнші көңілі қалған барша халықтан кешірім сұрады.

Сонымен бірге, әнші өз қателіктері үшін де көпшіліктен кешірім сұрады:
«Егер мен жақтан да кеткен қателіктер болса, шын жүректен кешірім сұраймын!» – деп тағы қайталады Мирас.
Желідегі көпшілік бауыры үшін кешірім өтінген әншінің әрекетін құптаса, тағы бір топ «Мирас ағасының әрекетіне жауапты емес» деп жазып жатыр.
Бұған дейін осы жағдайға байланысты волейболшы Сабина Алтынбекова да жеке пікірін әлеуметтік желіге жариялаған.