
1 тамызда Freedom Holding Corp. акциялары Nasdaq қор биржасында 4, 87%-ға қымбаттап, 185,815 долларға жетті. Бұл – холдинг тарихындағы жаңа белес. Қазақстандық кәсіпкер Тимур Турловқа тиесілі компанияның нарықтағы құны 11,3 млрд доллардан асты.
Америкалық Nasdaq биржасында Freedom Holding Corp. компаниясының акциялары күрт қымбаттады. Бір тәулікте ғана акция құны 4,87%-ға көтерілді. Биржадағы сауда барысында FRHC акциясының бағасы 186,23 долларға дейін өсті. Қазір 185,8 доллар тұрады.
Осылайша, холдинг америкалық биржада тағы бір тарихи межені еңсерді. Бұған дейінгі үздік көрсеткіш 2025 жылғы мамырда тіркелген. Сол кезде FRHC акциясы 184,8 долларға дейін көтерілген.
Nasdaq-тағы жетістіктің арқасында Freedom Holding Corp. компаниясының нарықтағы құны да артты. Холдинг капиталы 11 млрд 372 млн доллардан асты.
Freedom Holding корпорациясының негізін қалаушы, бас директоры Тимур Турловтың дәулеті де артып жатыр. Әлемдік Forbes-тің онлайн-рейтингінде оның байлығы 4,84%-ға, яғни 366 млн долларға көтерілді. Осылайша, қазақстандық кәсіпкердің дәулеті 7,9 млрд доллар болды. Forbes нұсқасы бойынша, Турлов – Қазақстандағы ең бай адам. Ол әлемнің дәулетті адамдары рейтингінде 416-орынға көтерілді.
Холдинг америкалық Nasdaq биржасына 2019 жылғы күзде кірген.
Freedom Holding Corp. – бақылау пакеті қазақстандық миллиардер Тимур Турловқа тиесілі халықаралық холдинг. Ол компанияның 69, 52% акциясын иеленеді. Ал 26,41% акциясы номиналды ұстаушылардың қолында.
Холдинг құрамына «Фридом Финанс» брокерлік компаниясы, осы аттас банк, екі сақтандыру компаниясы, Arbuz.kz онлайн-супермаркеті мен Aviata.kz авиабилеттер сервисі кіреді.
Топ бренді аясында Freedom Drive автокөлік шиналары дүкені, Freedom Mobile техника мен аксессуарлар салоны, концерттерге, киноға және басқа да іс-шараларға арналған Freedom Ticketon билет сервисі, Freedom Telecom телекоммуникациялық компаниясы және Freedom Media онлайн-кинотеатры да бар.