Жаңалықтар

Зерттеу: өнімге тапсырыс азайып, жұмыс күшін қысқарту көбейді

фото: shutterstock
Фото: shutterstock

Қазақстанда өндіріске тапсырыс азайып, соған байланысты өнім өндіру азайды. Бұған қоса, жұмыс күшін қысқарту жүріп жатыр. Нарықтағы тығырыққа орай өнім өтпей, көп қор жиналып қалды. Осының бәрі Freedom Holding Corp. пен S&P Global бірлесіп дайындаған 2025 жылғы шілдеге арналған зерттеуінде айтылды.

Іскерлік белсенділік индексі (PMI) республикадағы 250-ге жуық өндіруші компания мәліметі негізінде дайындалды. Зерттеуге сәйкес, 2025 жылғы шілде айында елдегі өңдеу өнеркәсібінде іскерлік ахуалы әлсіз күйінде қалды. Сұраныс азайып, өндіріске қажет заттар мен дайын өнімдер қоймада қалып қойды.

Шілдеде PMI көрсеткіші 49,9 болды. Бұл – маусым айындағы көрсеткіштен (49,7) сәл ғана жоғары. Индекс 50-ден төмен болғандықтан, жағдай өзгерді деуге келмей тұр.

Жұмыс күшін қысқарту

Өткен айда өнім өндіруге қажеттілік бәсеңдеп, кәсіпорындар қызметкерлерін ақысыз демалысқа жіберуге мәжбүр болды. Жұмыспен қамту екінші ай қатарынан төмендеді. Осы жолы жұмыс күшін қысқарту қарқыны артып, 2023 жылғы наурыздан бері ең жоғары деңгейге жетті.

Дереккөз: Freedom Holding Corp., S&P Global PMI. ©2025 S&P Global.

Бұған қоса, шикізат сатып алған фирмалар үшінші ай қатарынан жеткізу мерзімі кешеуілдегенін айтып отыр. Сауалнамаға қатысушылар кедендегі кідіріс пен логистикадағы қиындықтар туралы хабарлады.

Теңгенің құлдырауы

Оның үстіне ұлттық валютаның әлсіреуі салдарынан өндіріс шығыны өсті. Шілдеде өндіріс шығыны инфляциясы күрт жеделдеп, кейінгі бес айдағы ең жоғары көрсеткішке жетті.

Зерттеуге қатысушылар шығынның көбеюіне теңгенің құнсыздануы себеп болғанын атап өтті. Шикізат шығыны клиент қалтасы есебінен өтелетіні мәлім. Сондықтан дайын өнім бағасы өсіп жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, шілденің аяғында ұлттық валютаның долларға шаққандағы бағамы 550 теңгеден жоғары көтерілді. Соған байланысты Ұлттық банк 30 шілдеде интервенция жүргізіп, 125,6 млн доллар сатты.