
Сенбі, 2 тамыз күні, 02:00-ден сағат 06:00-ге дейін Қазақстанда бірқатар цифрлық мемлекеттік қызметтер уақытша қолжетімсіз болады.
Жоспарлы техникалық жұмыстарға байланысты уақытша тоқтайтын қызметтер туралы ақпарат «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ сайтында жарияланды.
Аталған уақыт ішінде келесі мемлекеттік электрондық сервистер уақытша қолжетімсіз болады:
- eGov.kz порталы мен eGov Mobile мобильді қосымшасы («Цифрлық құжаттар» сервисін қоса алғанда);
- e-Otinish, E-license порталдары және Ашық үкімет жүйелері;
- Қазақстан Республикасының Ұлттық куәландырушы орталығы (ҰКО) сервистері;
- «ҰАТ» АҚ сүйемелдейтін өзге де жобалар;
- Электрондық үкімет шлюзі арқылы интеграцияланған екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшаларындағы және басқа жүйелердегі мемлекеттік қызмет көрсету сервистері.
Мамандар азаматтардың күнделікті істеріне кедергі келтірмес үшін техникалық жұмыстарды әдейі түнгі уақытқа жоспарлағанын айтады. Дегенмен «ҰАТ» АҚ барлық қажетті операцияларды алдын ала аяқтауды және техникалық жұмыстар кезінде құжаттарды ұсыну қажет болған жағдайда олардың түпнұсқаларын дайындауды ұсынады.