ҚазҰУ профессоры Кәкен Қамзин алаяқтарға қалай алданғанын баяндап берді

Танымал журналист, филология ғылымдарының докторы, профессор Кәкен Қамзин аляқтарға қалай алданғанын баяндап берді. Жалғыз үйінен айырылып қалған профессор бүгінде қарызға белшесінен батқан.
Оқиғаның мән-жайы
Профессордың айтуынша, 12 маусым күні, сағат таңертеңгі ондар шамасында «қалалық энергожүйесінен» бір әйел қоңырау шалады. Ол үйдегі электр есептегіштер ескіргенін, соны жедел ауыстыру керек екенін айтып ескертіп, ол үшін жеке куәліктегі деректер қажет болатынын айтады.
«Телефонында қалалық энергосетьттің логотипі тұр. Сендім. Түнімен жазу жазып, ұйқылы-ояу басым еш ойланбай деректерімді беріп жіберіппін. Іле-шала өзін «қаржы бақылау департаментінің» қызметкерімін деп таныстырған адам телефон шалды. «Сіздің Egov-тағы барлық мәліметтеріңіз алаяқтардың қолына түсіп қалды. Неге бересіз, енді оларды іздестірумен, құрықтаумен біз айналысамыз. Бірақ бұл операция өте құпия жағдайда жүргізіледі, сіз ол туралы жақын-жұрағаттарыңызға да тіс жармайсыз»,- деп қадап айтты»,– деп мәлімдеді Кәкен Қамзин.
Артынша өзін «ҰҚК майорымын» деп таныстырған Мальтиев деген адам видеотелефон шалып, барлығын өзі бақылауында ұстайтынын ескертеді. Тіпті «бәрі конфиденциально, сіз азамат ретінде алаяқтарды ұстауға көмектесуге міндеттісіз, әйтпесе қылмыстық кодекс бойынша жазаға тартыласыз» деп қатаң ескерту жасайды.
«Бәрі, міне, осыдан басталды. Одан кейін бір жағынан қатты сенген, екінші жағынан еңсем түскен басым солардың жетелеуіне ілесіп кете беріппін. Оны, әрине, кейін, болары болып, бояуы сіңгеннен кейін түсіндім. Содан кейін олар мынау сізге көмектесер «мықты адвокат» деп Абай деген жігітті ұсынды. Осы үшеуміз іс жүргіземіз деді. Үшеуі үш түрлі номермен байланысқа шығып отырды. Сонан кейінгі схема былай жалғасты. Ол кезде оның алаяқтық жол екенін қайдан білейін. Өткенде жазғанымдай, телефондық гипноз болуы да ықтимал. Күнделікті өмірде ақшамды бір банк карточкасынан екінші банктің карточкасына аударуды өзім жасай алмай, қызым көмектесетін. Ал бұл жерде бүкіл ақшамды өзім шешіп берген екенмін»,– деп жазды профессор.
Профессордың баяндауынша алаяқтар оның атынан біреулер төрт млнн теңге кредит алып үлгеріпті, соны жабу керек, ақша ешқайда кетпейді, «Ұлттық банктің» есебінде тұрады деп тағы да қоңырау шалады. Тіпті ақшаны Касса 24 деген терминалға салуға кеңес береді.
«Олар көрсеткен мекен-жайларға барып, бірнеше терминалдан жіберіп отырыппын. Артынша олар «Ұлттық банкке» салынған ақшаның көшірмесін жіберді. Одан кейін жедеқабыл, ертеңінде ғой деймін, сіздің есебіңіздегі ақшаға қауіп төніп тұр, соны Халық банктен шешіп алыңыз, біз курьер жібереміз, ол да «Ұлттық банктің» есебіне түседі, ақшаңыз ешқайда кетпейді деп сендірді. Сонан соң қорымдағы 5 миллион теңгені шешіп алып курьерге беріппін»,– деп толықтырды ол.
Алаяқтар мұнымен тоқтамай, профессорға Egov-тағы барлық деректерді жаңалап,үйін нотариус арқылы нарықтық бағадан төмен қаржыға сатуға кеңес береді. Ал ақшасы әдеттегідей ешқайда кетпейді «»Ұлттық банк есебіне түсетінін айтып сендіреді.
«Сөйтіп, үйімді 26 маусымда 31 миллион теңгеге нотариус арқылы саттым. Олар менің атымнан Крыша сайтына үйдің сатылып жатқаны туралы хабарландыру салады. Одан кейін екі кибералаяқтың нұсқауы бойынша ақшаны кешкісін сағат сегіздерде курьермен «КНБ-ның точкасына» жөнелттім. Олар бір-екі сағаттан кейін ақшаның «Ұлттық банктің» есебіне түскенін хабарлап, чектің көшірмесін жіберді. «Барлығы дұрыс болады, сіздің Egov-тағы деректеріңіз толық жаңаланып жатыр, енді алаяқтар оған кіре алмайды, онымен Абай адвокат айналысып жатыр», – деді. Пәтер сатып алушылармен өзіміз айналысамыз, қам жемеңіз, өзіміз айтамыз деп уақыт созып, жазуын тоқтатпады»,– деп жазды профессор.
Кәкен Қамзин өзінің алданғанын тек 4 шілдеде ғана біледі.
Қартайған шағында алаяқтарға оңдбай алданған профессор, үйін сатып алған 4 баласы бар отбасы да кибералаяқтардың құрбаны болып отырғанын айтады. Оларға 5 шілдеге дейін 33 млн жинап береміз деп уағдаласқан. Өкінішке қарай, тиісті ақша жиналмай, ол уәдені орындауға шамасы жетпегінін жасырмады.
«2 күн бұрын сатып алушылардың жалдамалы үйіне 3 шәкіртім мен қызым барып, бізге тағы 25 тамызға дейін уақыт беруге әрең көндірді. Енді бізде 3 аптадай ғана уақыт бар.
500 мың теңге задатогын қолдарына бердік. Қазіргі уақытта 5 683 231 теңге жиналды. Енді 26 миллион 816 мыңдай ақша керек. Өзімнің жағдайымды баяндадым. Амалдың жоғынан қалың жұртшылықтан, өздеріңізден көмек сұрауға мәжбүрмін»,– деп түйіндеді Кәкен Қамзин.