
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көлік саласының қызметкерлерін марапаттады. Сондай-ақ көлік саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен мәселелерді тізіп шықты.
Президент, ең алдымен, көлік саласы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, оларды ел дамуына елеулі үлес қосып жатқан нағыз еңбек адамдары деп атады. Сондай-ақ көлік саласының стратегиялық маңызына тоқталды.
«Көлік құралдары – экономиканың қозғаушы күші, өсіп-өркендеу кепілі десек, артық болмайды. Еліміздің осы саладағы мүмкіндіктері мол, тіпті, бірегей деуге болады. Қазақстан – Еуразиядағы негізгі транзиттік хабтың бірі. Біз қазір Транскаспий халықаралық көлік бағдарын белсенді түрде дамытып жатырмыз. Бұл – Қытай, Орталық Азия және Еуропа арасында тауар жеткізудің төте жолы. Былтыр Сиань қаласында көлік-логистика орталығын аштық. Оны «Бір белдеу, бір жол» атты жаһандық бастама аясында Қытай елімен бірлесіп жүзеге асырдық. Бұл қадам халықаралық жүк тасымалын арттыруға септігін тигізуде», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Теміржол саласында не өзгерді
Президент Қазақстан аумағы арқылы өтетін дәліздердің инфрақұрылымын біртіндеп жақсарту қолға алынғанын атап өтті. Мәселен логистика орталықтары мен қоймалар салынып, темір жол құрылысы жанданып келеді. Солардың бірі биыл қолданысқа берілетін «Достық – Мойынты» темір жолының екінші желісі. Тоқаев соның арқасында жүк көлемі бес есе артатынын айтты.
«Осы ауқымды жобаны, негізінен, өз жұмысшыларымыз жүзеге асырып жатқанын да атап өту қажет. Сондай-ақ жыл соңында Алматы бекетін айналып өтетін темір жол іске қосылады. Нәтижесінде жүктеме азайып, жүк жеткізу мерзімі қысқармақ. Көлік-тасымал саласы озық, заманауи және бәсекеге қабілетті болуы керек. 11 мың шақырым теміржолды жөндеу жұмысы жалғасады. Жаңадан 5 мың шақырым жол салу және оны жаңғырту жоспарлануда. Қазір Транс-Қазақстан теміржол дәлізі ауқымды жобасы қолға алынды. Менің тапсырмаммен ұзындығы 323 шақырым болатын «Мойынты – Қызылжар» теміржолы салынып жатыр. Бұдан бөлек, «Дарбаза – Мақтаарал» және «Аягөз – Бақты» теміржол өткелінің құрылысы қарқынды жүруде«, – деді Мемлекет басшысы.
Машина жасау секторы
Тоқаев машина жасау секторындағы жұмыстарды ескерусіз қалдырмады. Бүгінде Қазақстанда шетелдік үздік компаниялар жұмыс істейтінін еске салды.
«Мен жыл басында Астанадағы электровоз құрастыру кәсіпорнына бардым. Онда жүк және жолаушылар тасымалдайтын электровоз бен қосалқы бөлшектер шығарылып жатыр. Ең бастысы, осындай маңызды жұмысты өз мамандарымыз атқаруда. Мемлекет мұндай жобаларға жан-жақты қолдау көрсете бермек«, – деді Президент.
Әуе қатынасы
Мемлекет басшысы көлік саясатындағы тағы бір маңызды рөл атқаратын әуе қатынасына да жеке тоқталды. Бүгінде елдегі авиация инфрақұрылым жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Өткен жылы Алматы, Шымкент және Қызылорда қалаларында жаңа терминалдар іске қосылғанын мысалға алды. Әуежайлардың өткізу қабілеті айтарлықтай артқан. Бұрын Алматы әуежайы жылына 2,5 млн жолаушыға ғана қызмет көрсете алса, қазір бұл көрсеткіш 14 миллионға дейін ұлғайған.
«Менің тапсырмаммен Зайсанда, Катонқарағайда және Кендірліде үш жаңа әуежай салынып жатыр. Арқалық әуежайы қалпына келтіріле бастады. Мұндай жобалардың жүзеге асуы жолаушылар нөпірін көбейтіп қана қоймайды. Сонымен қатар логистика, туризм, сауда және басқа да қосалқы салалардың дамуына серпін береді. Әуе рейстерінің географиясын кеңейту мақсатында тұрақты түрде жүйелі шаралар қабылдап жатырмыз. Қазіргі кезде Қазақстанның 30-дан астам елмен тікелей әуе қатынасы бар. Бірақ бұл аз. Аталған бағыттағы жұмыс жалғасады«, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы уақытта әуе арқылы жүк тасымалын дамытып, Қазақстанды аймақтағы жетекші авиациялық хабқа айналдыру міндеті тұрғанын айтады. Сондай-ақ, автокөлік жолдарының сапасын жақсартуға қатысты ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқанын да атап өтті. Мәселен былтыр 7 мың шақырым автокөлік жолы пайдалануға берілген.
Сөз соңында Тоқаев Қазақстанда көлік-транзит саласы қарқынды дамып жатқанын айтып, барлық көлік саласы қызметкерлеріне ризашылығын білдірді. Бұдан бөлек көлік саласының бірқатар қызметкерлерін марапаттады.