Қазақстанда зейнеткерлерге санаторийге жолдама беріледі деген рас па

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Курортқа жолдамаға 30 АЕК қайтарылады деген ақпаратқа билік жауап берді / Фото: ашық дереккөзден

Елдегі зейнеткерлер WhatsApp мессенджері арқылы жаппай хабарлама ала бастады. Онда «енді олар 30 АЕК (117 мың теңге) мөлшерінде санаторлық-курорттық емделуге құқылы» деген хабарлама  жазылған. Яғни, жолдама ақысын өздері төлеп, барлық чектер мен құжаттарды сақтап қойса, мемлекет бұл ақшаны міндетті түрде қайтарады делінген. Бұл туралы Kursiv.media «Мой город» порталына сілтеме жасап хабарлайды.

«Құрметті зейнеткерлер! Санаторлық-курорттық емдеуге арналған жеңілдіктер ережесі бекітілді. Енді сіздер Қазақстанның кез келген санаториясына бара аласыздар. Жолдаманың толық құнын төлеп, ол жерден түбіртек, төлем шоты, жеке куәліктің көшірмесін алып, банк немесе пошта арқылы шот ашып, барлық құжатты әлеуметтік қорғау бөліміне тапсыру қажет. Олар сізге 30 АЕК, яғни 117 960 теңге қайтарады. Қыздар, осыны барлық зейнеткерлерге хабарлаңыздар. Демалуға, емделуге отбасымен, топпен барсын, тек әркім құжаттарын жеке жинап, тапсырсын», – делінген таратылып жатқан хабарламада.

Бұл ақпаратқа қатысты түсініктемені Батыс Қазақстан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы берді.

Өңірлік ведомство бұл ақпаратты жоққа шығарды. Шенеуніктердің айтуынша, зейнеткерлерге арналған жаңа бағдарлама да, қосымша төлемдер де жоқ. 2023 жылы мәслихат осы санаттағы азаматтарға жолдамалар құнын өтеуге қаражат бөлмеу туралы шешім қабылдаған.

«Мұндай жалған ақпараттар салдарынан азаматтардан келіп түсетін өтініштер күрт көбейді. Зейнеткерлерге ақпаратты eGov порталы немесе жергілікті жұмыспен қамту орталықтары арқылы нақтылап алған жөн», – деп түсіндірді БҚО әлеуметтік бағдарламалар басқармасы.

Дегенмен, санаторлық емделуден өту мүмкіндігі расында бар – ол міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында қарастырылған. Мұндай оңалту қызметі мемлекет кепілдік берген тегін медициналық көмектер тізіміне кіреді және жолдама да, алдын ала төлем де талап етілмейді.

Өтінімді eGov порталы немесе eGov Mobile қосымшасы арқылы беруге болады – емханаға барудың қажеті жоқ. Ол үшін дәрігердің жолдамасы және оңалтуға жіберу себебінің дәлелдері  болуы тиіс.

айта кетейік жуырда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жеке көмекшінің қызметтерін көрсететін санаттарды кеңейтуді көздейтін бұйрық жобасын қоғамдық талқыға ұсынды. Оған сай, 2026 жылдан бастап зейнет жасына жеткен қазақстандықтар өзінің бірінші топтағы мүгедектігі бар жұбайына жеке көмекші атанып, жәрдемақы ала алады

Сондай-ақ оқыңыз