Шымкентте жоғалған әйелдің денесі қоқыс жәшігінің жанынан табылды

Шымкентте 21 шілде күні үйінен шығып, жоғалған 26 жастағы әйелдің денесі қоқыс жәшігінің жанынан табылды. Бейресми ақпаратқа қарағанда, бірнеше жерінен пышақ жарақатын алған. Полиция күдіктінің ұсталғанын хабарлады.
Марқұмды полициямен бірге еріктілер де іздеу салған еді. Ол 10 күн бұрын Нұрсәт ауданынан белгісіз бағытқа шығып, үйіне қайта оралмаған. Бейресми мәліметке қарағанда, әйел үй тазалап ақша тапқан.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиғаға қатысты «Адам өлтіру» бабымен қылмыстық іс қозғалған. Күдікті ұсталып, қамауға алынған.
«Шымкент қаласының 26 жастағы тұрғынын өлтіру жайты бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдікті анықталып, тергеу изоляторына қамалды. Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жан-жақты тергеу жұмыстары жүргізілуде» делінген полиция хабарламасында.
Бұған дейін Шымкентте 15 және 16 жастағы жасөспірім қыздар жыныстық құлдықтан құтқарылғанын жазған болатынбыз.