Қытайдың 2025 жылғы ең «ақылды» автокөліктерінің рейтингі жарияланды

Жарияланды
Ең мықты Қытай көліктерінің тізімі / Фото: kursiv.mediа архивінен

Беделді J.D.Power агенттігінің қытайлық бөлімшесі 2025 жылға арналған «ең ақылды» автомобиль брендтерінің рейтингін жариялады. Geely’s компаниясының премиум суб-бренді Zeekr екінші жыл қатарынан көшбасшы болып танылды. Көлік интеллектуалды технологиялар саласындағы және инновацияларды күнделікті автомобиль тәжірибесіне біріктіру саласындағы өзінің артықшылығын қайта дәлелдеді.

«Ақылдылық» индексі қалай есептеледі

Рейтинг екі негізгі көрсеткіш арқылы есептелетін Tech Experience Index (TXI) негізінде жасалған. Олар: технологиялық жағынан іске асыру индексі (TEI) және қолдану аясы бойынша индекс (MDI). Біріншісі, технологиялардың тәжірибеде қаншалықты тиімді жұмыс істейтінін, екіншісі сериялық модельдерде қаншалықты кең қолданылғанын көрсетеді. Зерттеу Қытайда бес жылдан бері жүргізіліп келеді және 40 түрлі технологияны қамтиды.

Нарық «ақылды» бола бастады, бұған көрсеткіштердің динамикасы дәлел

2025 жылдың соңында орташа TXI индикаторы мүмкін болатын 1000 балдан 588 балды құрады. Бұл өткен жылғы нәтижеден 38 ұпайға жоғары. Технологиялық жағынан іске асыру индексі ерекше ілгерілеушілікті көрсетті: ол 80 тармаққа өсіп, 275-ке жетті. Жаңа энергетикалық көлік (NEV) сегментінде көрсеткіш бірден 86 тармаққа – 339-ға дейін артты.

Сарапшылардың пікірі

J.D.Power China автомобиль бизнесі бөлімінің бас менеджері Элвис Янның айтуынша, 2025 жылы интеллектуалды технологиялар жаңа деңгейге көтерілді. Бұрын инновациялар пайдаланушының дайындығынан асып түсіп, сатып алушылар күрделі мүмкіндіктерді жиі қабылдамайтын болса, енді технологиялар сенімдірек, түсінікті және ыңғайлы бола бастады. Өндірушілер де, тұтынушылар да белсенді драйверлерге көмек көрсету жүйелеріне (ADAS) және жасанды интеллект элементтері бар мүмкіндіктерге назар аударады. Соған қарамастан, ескертулердің 36%-ы әлі де жаңа технологияларды меңгерудің қиындығымен байланысты.

Премиум сегментте қандай брендтер алда

Бензин қозғалтқыштары бар премиум модельдер арасында көшбасшылар Mercedes-Benz, Lincoln және Land Rover болды. Бұл ретте Audi (соның ішінде қытайлық SAIC Audi) және Lexus сияқты ірі брендтер бұл тізімнің соңында тұр. Электрлік көліктердің премиум сегментінде ең жақсы нәтижелерді қытайлық өндірушілер Nio, Denza және Voyah көрсетті.

Орташа сегменттегі «ақылды» модельдер тізімі

Дәстүрлі іштен жанатын, яғни бензин қозғалтқыштарға негізделген бар жаппай шығарылатын автомобильдер санатында Lynk & Co тағы да бірінші орында. Аталған марка төртінші жыл қатарынан көш бастап тұр. Одан кейін GAC және Changan орналасқан. Қазақстандық тұтынушыларға таныс брендтер де жоғары баға алды: Geely, Tank, Chery, Haval және Jetour. FAW Toyota, MG және Dongfeng Citroen ең нашар нәтиже көрсетті.

Электромобильдер мен гибридтер: Zeekr қайтадан ең «ақылды» болып танылды

Жаппай шығарылатын электрокарлар мен гибридтер арасында Zeekr 716 TXI рекордтық көрсеткішімен тағы да көшбасшы болып танылды. Одан кейін Li Auto, Aito және Xiaomi тұр. Avatr бренді алғашқы үштікке бір табан жақындады. Exlantix (Exeed-тің электрлік бөлімі), Geely Galaxy, Ora және BYD да жақсы нәтиже көрсетті. SAIC Volkswagen, Dongfeng Nammi, Wuling және FAW Toyota осы сегменттің рейтингін аяқтайды.

Жалпы үздік үштік

2025 жылғы смарт автокөлік брендтерінің жалпы рейтингінде Zeekr 716 ұпаймен бірінші орынға шықты. Nio 714 ұпаймен екінші орында. Үшінші орында 711 ұпай жинаған BYD премиум субренді Denza болды. Li Auto, Aito және Xiaomi сенімді нәтиже көрсетіп, үздік үштікке жақындады.

«Ақылды» көлік ыңғайлы ма?

J.D. Power зерттеуінің нәтижелері автомобильдердегі интеллектуалды технологиялардың функционалды ғана емес, сонымен қатар жүргізушілерге, шынымен де, ыңғайлы болып келе жатқанын көрсетеді. Zeekr «ақылды» болу тек технологияларға ғана емес, сонымен қатар олардың қолданушыларға қалай енгізілгеніне, бейімделетініне және қабылданатынына да қатысты екенін көрсетеді. Сондай-ақ бұл мағынада Қытайдың автоөнеркәсібі жаңа кезеңге қадам басуда – цифрлық трансформация жағдайында тиімді баға мен жайлылыққа назар аударады.

Бұған дейін ең қауіпсіз Қытай көліктері туралы жазған едік. CarNewsChina ақпаратынша, Firefly ең қауіпсіз авто көлік болып танылған. Барлық төрт санат бойынша жоғары баға алды.

Сондай-ақ оқыңыз