Экс-президент 12 жылға үйқамаққа қамалды

Экс-президент 12 жылға үйқамаққа қамалды. Колумбияның бұрынғы президенті Альваро Урибе куәларға қысым көрсету және алаяқтық үшін айыпталды.
ВВС ақпаратына қарағанда, 73 жастағы саясаткер ел тарихындағы қылмысы үшін сотталған алғашқы экс-президент болды. Сонымен қатар оған мемлекеттік қызмет атқаруға тыйым салынды және 578 мың АҚШ доллары көлемінде айыппұл салынды.
Урибе кінәсін мойындамады
Өзін кінәсізбін деп есептейтін Урибе Боготадағы судьяға үкімге шағым түсіретінін айтты. Ол бұл істі «демократиялық оппозицияның үнін жоюға бағытталған» деп сипаттады.
Альваро Урибе 2002 жылдан 2010 жылға дейін президент қызметін атқарды. Оған қарсы оңшыл қарулы топтармен бірігіп, солшыл бүлікшілерге қарсы күрес жүргізгені үшін айып тағылған. Урибе бұл айыптауларды жоққа шығарады. Соған қарамастан, ол Колумбияда танымалдылығын сақтап отыр.
Куәлік беруге ақша ұсынған
Бұрынғы президент куәларға қысым көрсеткен. Осы іс бойынша да екі айып тағылып, кінәлі деп танылды. Екі бұрынғы бүлікші Урибенің бұрынғы адвокаты Диего Кадена оларға Урибенің пайдасына куәлік берулері үшін ақша ұсынғанын айтқан.
Кадена бұл айыптарды жоққа шығарады. Ол Урибені қорғау үшін бірнеше бұрынғы бүлікшілермен бірге куәлік берген.
АҚШ құптамады
Апта басында АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Урибеге қатысты қылмыстық істі сынға алып, Колумбияның сот жүйесін саяси мүдделермен әрекет етті деп айыптады.
«Бұрынғы президенттің жалғыз «қылмысы» — отанын қорғаудағы қажырлы күресі», — деп жазды Рубио X әлеуметтік желісінде.
Колумбияда қарулы топтар 1980-жылдары пайда болды. Олар бастапқыда кедейлікпен күресті мақсат етсе де, іс жүзінде солшыл маркстік партизан топтарына қарсы әрекет етті.
Кокаин саудасы
Бұл солшыл қозғалыстар үкіметке қарсы екі жиырма жылға жуық қарулы күрес жүргізген.
Көптеген солшыл қарулы топтар өз әрекеттерін кокаин саудасынан түскен табыспен қаржыландырды. Олар мен үкімет әскері арасындағы қанды қақтығыстар контрабанда маршруттары мен табиғи ресурстар үшін ұзаққа созылған қақтығыстарға алып келді.
Зорлық-зомбылық тоқтаған жоқ
Урибе АҚШ тарапынан FARC солшыл бүлікшілеріне қатысты қатаң саясаты үшін мақтауға ие болды. Алайда, сыншылар оны кедейлік пен теңсіздікке қарсы күресте әлсіздік танытты деп айыптады.
2016 жылы FARC Урибенің ізбасарымен бейбіт келісімге қол қойды. Бірақ Колумбияда қарусызданған топтардың тарапынан зорлық-зомбылық әлі де жалғасуда.
Мұның алдында АҚШ президенті Дональд Трамп экс-президент Обаманың түрмеге түскені туралы фейк видео жариялаған еді.