
Коллаген – адам ағзасындағы ең кең таралған ақуыз. Денедегі барлық ақуыз молекулаларының 30%-ы – коллаген. Жас ұлғайғанда оның түзілуі азаяды.
Бұл қартаю белгілерінің пайда болуына әкеледі: әжімдер, буындардағы ауырсыну, бұлшықет күшінің төмендеуі.
Қоспалар (қосымша препараттар) жетіспейтін коллагенді толықтырып, жастықты және денсаулықты қайтарады деп уәде береді. Бұл тартымды уәделер, бірақ олар қаншалықты шындыққа жанасады?
Коллаген дегеніміз не және ол ағзаға не үшін қажет?
Коллаген – сүйектердің, бұлшықеттердің, байламдар мен сіңірлердің негізгі құрылыс материалы әрі ағзаның әртүрлі тіндерін біріктіріп тұратын жасушадан тыс матрикстің негізі. Қан тамырлары, ішкі органдар, шырышты қабаттар да коллаген құрамында болады. Дәл осы ақуыз дене тіндеріне серпімділік, беріктік және иілгіштік береді.
Кез келген басқа ақуыз сияқты, коллаген де аминқышқылдардан тұрады, негізінен глицин, пролин және изопролиннен. Аминқышқылдар ұзын жіптер түзеді. Олар бір-біріне оралып, спираль құрайды. Кейін бұл спиральдар бірігіп, коллаген талшықтарын түзейді – бұл адам ағзасындағы ең берік ақуыз. Ол басқа ақуыздарға төтеп бере алмайтын жүктемелерге де шыдайды.
Адам ағзасында 28 түрлі коллаген талшықтары бар. Ең жиі кездесетін және кең таралғаны – бесеуі.
Коллаген түрі | Таралуы | Қызметтері |
---|---|---|
I тип (ағзадағы барлық коллагеннің 90%-ы) | Тері, сіңірлер, байламдар, сүйектер, тістердің дентині, көздің қасаң қабығы, қан тамырлары | Жыртылуға төзімділікті, құрылымдық қолдауды, терінің серпімділігін және сүйек тығыздығын қамтамасыз етеді |
II тип | Шеміршектер, омыртқааралық дискілер, көздің шыны тәрізді денесі | Буындарды амортизациялайды және олардың икемділігін қолдайды, қысылуға қарсы тұруды қамтамасыз етеді |
III тип | Тері, қан тамырлары, бұлшықеттер, ішкі ағзалар, лимфа жүйесі | Ағзалардың құрылымын қолдайды, тіндерге серпімділік береді, жараның жазылуына көмектеседі |
IV тип | Жасушадан тыс матрикс, бүйрек, көз бұршағының қабықтары | Сүзгіш тосқауыл түзеді, тері қабаттарын қолдайды, қоректік заттар алмасуын қамтамасыз етеді |
V тип | Жасуша беттері, шаш, плацента, қасаң қабық | Басқа коллаген құрылымдарының түзілуі мен туралануын реттейді, көздің мөлдірлігі мен плацента түзілуі үшін маңызды |
Ағза неге коллагенді жоғалтады?
Коллагеннің жоғалуына негізгі себеп – жас. Уақыт өте келе ағзадағы коллагенді синтездейтін жасушалар әлсірей бастайды. Нәтижесінде коллаген талшықтарының түзілуі күрт төмендейді.
Жасқа байланысты өзгерістер тек коллагеннің мөлшеріне емес, сапасына да әсер етеді. Жаңадан түзілетін талшықтар ретсіз әрі әлсіз болады. Сонымен қатар, коллагеннің жұмысын қолдайтын басқа ақуыздардың, мысалы, эластиннің де түзілуі нашарлайды. Осылайша, тіндердің құрылымын ұстап тұру қиындай түседі – әжімдер пайда болады, буындар «қатады», бұлшықет пен сүйек әлсірейді.
Жастан бөлек, коллаген синтезінің төмендеуіне мыналар әсер етеді:
гормоналды өзгерістер (әйелдерде менопауза кезінде коллагеннің түзілуі күрт төмендейді);
зат алмасу бұзылыстары;
темекі тарту, дұрыс емес тамақтану, күйзеліс, қоршаған орта факторлары салдарынан бос радикалдардың шамадан тыс түзілуі;
ультракүлгін сәуленің шамадан тыс әсері және т.б.
Коллагені бар тағамдық қоспалар деген не?
Ішуге арналған коллаген қоспалары ұнтақ, капсула немесе таблетка түрінде шығарылады.
Коллаген молекулалары ұзын әрі берік болғандықтан, олар ағзада қиын қорытылады. Сол себепті қазіргі тағамдық қоспалардың көпшілігі гидролизденген коллагеннен тұрады. Бұл – химиялық реагенттермен немесе ферменттермен бөлшектенген коллаген талшығының кішкентай фрагменттері (пептидтер). Мұндай пептидтер ағзаға тұтас молекулаларға қарағанда жақсы сіңеді. Кейбір жануарларға жасалған зерттеулер пептидтердің ішектен тері сияқты тіндерге тез әрі өзгеріссіз жететінін көрсеткен. Гидролизденген коллаген көбінесе ірі қара малдан, шошқадан, теңіз жануарларынан және тауықтан алынады. Бұл қоспалардың негізгі құрамында I типті коллаген болады.
Тағы бір түрі – II типті тұтас (нативті) коллагеннен тұратын БАД. Ол көбіне балапандардың төстік шеміршектерінен алынады және бұл формада жақсы сіңіріледі деп есептеледі.
Көбінесе коллаген қоспалары тері мен буын жағдайын жақсарту мақсатында қабылданады.
Коллаген қоспаларының пайдасы дәлелденген бе?
Бүгінгі күні бізге мыналар белгілі:
Коллаген – адам ағзасы үшін өте маңызды, әсіресе тері мен тірек-қимыл жүйесіне.
Қазіргі қоспалар ағзаға жақсы сіңеді.
Жас ұлғайған сайын коллагеннің түзілуі баяулайды, бұл қартаю белгілеріне әкеледі.
Осы фактілерге сүйене отырып, коллаген қоспалары қартаю процесін баяулатуы мүмкін деп болжауға болады. Бірақ бұл – тек теория. Көп жағдайда мұндай болжамдар шындыққа жанаспайды, өйткені адам белгілі бір заттың жетіспеушілігін оны жай ғана тамақпен қабылдап, орындай алмайды.
Мысалы, біз ет не балық жегенде де коллаген аламыз, бірақ ол тағам секілді асқазанда аминқышқылдарға немесе олардың тізбектеріне ыдырайды – яғни кез келген ақуыз секілді қорытылады.
Қоспалардың емдік қасиеті барын дәлелдеу немесе теріске шығару үшін кең көлемді клиникалық зерттеулер қажет. Тек осындай зерттеулердің нәтижесіне сүйене отырып, олардың пайдасы мен қауіпсіздігі туралы айтуға болады.
Әзірге коллаген БАД-тарына қатысты клиникалық зерттеулер көп емес. Ал қолда бар зерттеулер бұл қоспалардың айтарлықтай оң әсерін көрсете қоймайды.
Коллаген қоспалары теріге қалай әсер етеді?
2025 жылдың мамырында «Американдық медицина журналы» халықаралық ғылыми басылымында коллаген қоспаларының тері жағдайына әсеріне арналған клиникалық зерттеулерге шолу жарияланды. Шолу авторлары 23 зерттеудің нәтижесін талдап, келесі заңдылықтарды байқаған:
Коллаген қоспаларын өндіруші компаниялар қаржыландырған зерттеулер терінің ылғалдануы жақсаратынын, серпімділігі артатынын және әжімдермен күресетінін көрсетті. Ал фармацевтикалық компанияларға тәуелсіз зерттеулер мұндай пайда таппаған.
Зерттеудің сапасы неғұрлым жоғары болған сайын, коллагеннің пайдасы соғұрлым аз байқалған. Керісінше, сапасы төмен зерттеулерде коллаген өте тиімді деп көрсетілген.
Осы негізде шолу авторлары 2025 жылы коллаген қоспаларының теріні жасарту немесе қартаюды емдеу үшін клиникалық дәлелденген пайдасы жоқ деген қорытынды жасайды.
Коллаген қоспалары тірек-қимыл аппаратына қалай әсер етеді?
2025 жылы «Ортопедия шолулары» халықаралық медициналық журналында коллаген қоспаларының сүйек, бұлшықет және буындарға әсері туралы зерттеулерге шолу жарияланды. Оның нәтижелері мынаны көрсетті:
Коллагеннің сүйекке әсеріне арналған бар болғаны үш зерттеу жүргізілген, ал олардың нәтижелері бір-бірінен соншалықты өзгеше, нақты қорытынды жасау мүмкін емес.
Коллагеннің бұлшықет күшіне әсері бойынша нәтижелер де қайшылықты. Позитивті әсер негізінен тек қатысушылар қоспалармен қатар белсенді жаттығулар жасаған зерттеулерде байқалған. Физикалық белсенділіксіз коллаген әсер етпеген.
Ең көп зерттеу буындарға әсер етуге арналған. Кейбір зерттеулерде остеоартрозбен ауыратын адамдарда коллаген қоспалары буынның қозғалғыштығын жақсартуы және ауырсынуды азайтуы мүмкін деп көрсетілген. Бірақ бұл – тек болжам. Өйткені бұл зерттеулердің сапасы төмен болған, ал кейбірін қоспа өндірушілер қаржыландырған.
Сондықтан, 2025 жыл жағдайы бойынша, коллаген қоспаларының тірек-қимыл жүйесіне нақты пайдасы дәлелденбеген. Бұлшықетті тек коллаген қоспаларымен емес, тек жаттығулар арқылы ғана нығайтуға болады. Қоспалар буын аурулары бар адамдарға пайдалы болуы мүмкін, бірақ мұны растау үшін қосымша клиникалық зерттеулер қажет.
Коллаген қоспалары зиян келтіруі мүмкін бе?
Коллаген қоспалары кейде жеңіл жанама әсерлер тудыруы мүмкін: бөртпе, асқазандағы ауырлық, жеңіл іш өту, іштің кебуі, жүрек айну, қышқыл рефлюкс. Өте сирек жағдайда ауыр жанама әсерлер де кездеседі, мысалы, терінің уытты-аллергиялық зақымдануы – Стивенс–Джонсон синдромы.
Кейбір зерттеушілер коллаген қоспалары арқылы қауіпті жұқпалы аурулар, мысалы, ірі қара малдың губкалы энцефалопатиясы берілуі мүмкін деген ықтимал қауіп бар екенін айтады.
Алайда, коллагеннен ауыр жанама әсерлер туралы деректер өте сирек. Жүргізілген зерттеулердің ешқайсысында ауыр жағымсыз реакциялар тіркелмеген. Керісінше, көпшілігі қоспалардың жақсы көтерілетінін айтады. Дегенмен, «Ортопедия шолулары» журналы зерттеулерге шолу жасағанда қызықты жайтты байқаған:
Бірнеше апта немесе айға созылған зерттеулерде қатысушылардың 20%-ы зерттеу аяқталмай жатып қатысудан бас тартқан. Мұндай жоғалтулар зерттеу нәтижелеріне елеулі әсер етуі мүмкін, бірақ авторлар мұның себебін түсіндірмейді. Мүмкін, адамдар қоспаларды қабылдаудан жалыққан болар. Әлде, өздерін жайсыз сезінген, бірақ зерттеушілер бұл туралы айтпаған болуы мүмкін.
Жалпы алғанда, коллаген қоспалары әлі жеткілікті зерттелмеген. Ғалымдар оның нақты пайдасы бар ма, жоқ па, тіпті зиян келтіре ала ма – нақты айта алмайды.
Мұның алдында араб әйелдері сән үшін қара киім киетіні туралы жазған едік.