
Армения үкіметі Дженнифер Лопестің 3 тамызда Ереванда өтетін концертіне 7 млн доллар жұмсаған. РБК сайтының жазуынша, бұл туралы Ереван қаласы әкімінің орынбасары Армен Памбухчян мәлімдеген.
Оның айтуынша, концертке шетелден шамамен 15 мың турист келмек. Әрқайсысы Арменияда орта есеппен 500 доллар жұмсайды. Бұл сомаға жол ақысы, қонақүйде тұру, тамақтану және басқа да шығын кіреді. Осылайша, ел экономикасына шамамен 7,5 млн доллар түседі деп болжанып отыр.
«15000 * 500 = 7 500 000. Яғни, үкіметтің бөлген қаржысы толықтай ақталады», – деді Памбухчян.
Ол сондай-ақ, концерт елдің халықаралық беделін арттырып, Арменияның әлемге танымал болуына үлес қосатынын атап өтті.
Алайда әлеуметтік желі қолданушылары үкіметтің мұндай қомақты шығынына наразылық білдірген. Олар бұл қаржыны басқа маңызды салаларға жұмсауға болар еді деп санайды.
Концерт Ереванның Республикалық стадионында өтеді. Дженнифер Лопес Арменияға UP ALL NIGHT гастрольдік туры аясында барып отыр.
Айта кетейік, әншінің Астанадағы коценті 1 тамызда өтті. Сондай-ақ тағы бір конценті 10 тамызда Алматының Орталық стадионында өтеді.