Шымкентте жүкті әйел екі баласын сәбилер үйіне өткізбек

33 жастағы Дана Қалдыбаева екі қызымен Шымкенттегі қаладағы №3 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығын 2 айдан бері паналап отыр. Жалғызбасты ананың аяғы ауыр, ай-күні жақындап қалған. Туыстары перзентханаға кеткенде балаларына қарап, қамқорлығына алудан бас тартқан. Енді екі қызын сәбилер үйіне өткізбек. Ал сәбилер үйінен қайтып алу үшін тұратын жері, жұмысы болуы міндетті. Шарасыз қалған әйел не істерін білмей дал.
«Қыздарымды қайтарып ала алмасам, өзімді кешірмеймін»
Дана Қалдыбаева екі рет тұрмыста болған. 7 жастағы тұңғышы бірінші күйеуінің қолында. Екінші күйеуінен 2 және 3 жасар екі қызы бар. Төртінші баласына аяғы ауыр. Екі тұрмыста да екінші әйелі болып отбасын құрған, заңды некеде тұрмаған. Мұсылманша неке оқытқан. Уақыт келе екінші күйеуі де өз отбасына қайтып, Дана жалғыз өзі балаларымен далада қалған. Ай-күні жақындап қалған ол қаладағы №3 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығын паналап отыр.
Дана Қалдыбаеваның айтуынша, әке-шешесі өмірден ерте өткен. Отбасында бес ағайынды, үйдің кенжесі. Ағасы, үш әпкесі бар. Бірақ бәрімен қарым-қатынасы бұзылған. Олар «ажырастың, шыдап өмір сүрмедің» деп кінәлаған. Кейде әпкелері нан пұл беріп тұрады.
Шарасыз қалған келіншек өзінің жанынан бір елі қалмайтын кіп-кішкентай қыздарын уақытша сәбилер үйіне өткізуге мәжбүр. Өйткені қыркүйекте перзентханаға кеткенде, оларға бас-көз болатын жақын адамы жоқ. Ал балаларды туысқандарынан бөлек бөтен адамдарға беруге заң бойынша тыйым салынған. Балаларының әкесін таппай жатыр, телефоны сөндірулі тұр. Жақын туыстары балаларын қамқорлығына алмаған. Әпкесі өзіне қарайтын адам керек екенін айтып, қарай алмайтынын айтқан.
«Мамандар балаларыңды қайтып ала аласың деді. Ол үшін тұратын жерің болуы керек екен. Білмей отырмын ғой, не істейтінімді. Сәбилер үйіне беремін, қайтемін енді. Бірақ қайтарып ала алмай қалсам, өзімді кешірмеймін», – дейді жалғызбасты әйел.
Әкесі табылмады, туысқандары балаларды қамқорлыққа алудан бас тартты
Дананың екі қызы шамамен бір айдан кейін анасынан ажырап, сәбилер үйіне мәжбүрлі түрде баратынын білмейді. Оларға айтуға, тілім бармайды дейді ол. Қыздарыма қиын болатын болды ғой деген Дана көз жасын тия алмайды. Ал тілі бұлдырлап енді шығып келе жатқан қыздар бірінің артынан бірі еріп, анасын айналшақтап, етегіне жармасып жүр. Дана баласын босанып, қолына алған соң қайта дағдарыс орталығына келеді. Ол кезде екі қызы жанында болмайды. Дананың қазіргі бар уайымы да – осы.
«Қыздарымды бергім келмейді. Көмек берсеңіздер. Кепехана болса да, бір бөлме болса да, бастысы баспанам болса екен. Қыздарымды бермей, өзім бағып-қағатын едім. 5-10 теңге болса да тауып келіп, өз күнімді өзім көріп кетемін. Мүгедек емеспін, аяқ-қолым бар, көзім көреді, қолымнан келгенше жұмыс істеймін», – деді әйел көзінің жасын сүртіп.
Дананың қиын жағдайға түскенін дағдарыс орталығының әкімшілігі растайды. Орталық басшысының орынбасары Ғалия Муталиеваның айтуынша, жалғызбасты ананың екі қызын уақытша сәбилер үйіне өткізуге құжат дайындалған. Орталық қызметкерлері туған-туысқандары мен балалардың әкесін іздеген. Әкесін таппаған, ал туғандары балаларды уақытша қарап, қамқорлық жасауға түбегейлі қарсы болған.
«Дананы қыздарымен қиын жағдайда көше бойындағы аялдамада отырған жерінен алып келдік. Екі қызы бар. Үшінші балаға аяғы ауыр. Келген кездегі жағдайы өте ауыр болатын. Көңіл-күйі, денсаулығы жоқ еді. Медициналық тексеруден өткізіп, аяғы ауырлығы бойынша есепке алынды. Психологтар жұмыс істеді. Қазіргі таңда баратын жері жоқ. Ал босануға аз қалды. Өзі босанған жағдайда балаларының баратын жері жоқ. Сәбилер үйіне өткізуге мәжбүр болып отырмыз. Туысқандарынан ешқандай қайран болмай жатыр», – дейді Ғалия Муталиева.
Дана балаларының қауіпсіздігі үшін уақытша сәбилер үйіне өткізуге келісім берген. Ол арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығынан 6 ай көмек алуға құқылы. Одан кейін бөлек шығуға міндетті.