Арықтауға арналған дәрілер: шын пайдасы мен жасырын қаупі қандай

Жарияланды 3 Тамыз 2025 11:11

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business News бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
Фото: ЖИ көмегімен жасалған, бильд-редактор Юлия Петрова

Адамзат жүз жылдан аса «арықтататын сиқырлы дәрі» іздеумен келеді. Адай бұл ниеті сәтсіздікке ұшырап жатыр. Дегенмен кейін шыққан препараттар дәрі-дәрмек нарығын дүрліктірді. Айғайлаған жарнама бұл дәрілерді тез әрі қауіпсіз арықтатып, еш күш жұмсауды қажет етпейтін құрал ретінде ұсынады. Бірақ бұл уәде қаншалықты рас?

Салмақ тастауға арналған қандай дәрілер сәтсіздікке ұшырады?

Адамдар сонау көне дәуірден бері әртүрлі өсімдік пен тағам қоспалары арқылы арықтауға тырысып келеді. XVII ғасырдағы медициналық анықтамалықтарда салмақ тастауға арналған қоспалардың нақты рецептері берілген. Дәрігерлер артық салмақты науқастарға ревень, алоэ, саңырауқұлақ, даршын мен сандал ағашының қоспасынан жасалған дәрі-дәрмек жазып берген. Алайда бұл қоспалардың бәрі жай ғана тағамдық қоспалар еді. Ал артық салмақтан арылуға арналған алғашқы шынайы дәрілік зат тек XIX ғасырдың соңында пайда болды.

1892 жылы семіздікті емдеу үшін қалқанша безінің гормоны – зат алмасуды жылдамдататын тиреоидты гормон тұнбасын қолдана бастады. Бұл арықтауға көмектескенімен, гипертиреоз тудырды. Қалқанша безінің гормондары арықтауға арналған дәрі ретінде ХХ ғасырдың ортасына дейін қолданылды, бірақ бұл тәсілден кейін толықтай бас тартқан.

1932 жылы арықтау үшін динтрофенол атты «жарылғыш зат» қолданылды. Бұл зат та денеде эенергия өндірісін күшейтіп, майды жағуға көмектесетін. Бірақ көз ауруы мен жүйкенің зақымдануына әкеп соққан соң, 1938 жылы оған толық тыйым салынған.

1937 жылы амфетамин пайда болды. Бұл зат тәбетті басу арқылы арықтауға көмектесетін. 1970 жылдарға дейін амфетамин зиянсыз деп саналды. Ол іш жүргізетін және зәр айдайтын дәрілермен бірге Батыс елдерінде кең таралған «кемпірқосақ дәрісінің» құрамына кірді. Алайда уақыт өте келе амфетаминге тәуелділік тудыратыны белгілі болып, арықтау құралы ретінде қолдануға тыйым салынды.

1994 жылы лептин гормоны анықталды. Бұл гормон май тінінде өндіріледі, тәбет пен зат алмасуға әсер етеді. Лептин тапшылығы аштық сезімін арттырып, энергия шығынын азайтады, бұл – артық салмаққа әкелетін фактор. Ғалымдар алғашында лептин семіздікке қарсы әмбебап ем болады деп ойлағанымен, клиникалық зерттеулер оның арықтауға әсері аз екенін көрсетті.

Ал римонабант 1990 жылдардың ортасында салмақ түсіретін препарат ретінде нарыққа шықты. Ол мидағы каннабиноидты рецепторларды бұғаттап, тәбетті басатын. Препарат тиімді болғанымен, психикаға жағымсыз әсер етіп, алаңдау, депрессия және суицидтік ойлар тудырды. 2008 жылы ауыр жанама әсерлеріне байланысты римонабантты қолдануға тыйым салынды.

Заманауи арықтатын дәрілер қалай әсер етеді?

Соңғы жылдары арықтататын дәрілерге деген қызығушылық күрт артты. Кей адамдар шынымен «сиқырлы дәр» табылған, соны ішіп, еш күш салмай-ақ тез арықтауға болады деп ойлайды. Бірақ бұл – жалған үміт.

Иә, қазіргі заманғы дәрілер бір жылда дене салмағының 3–12%-на дейін арылуға көмектеседі. Мұндай нәтиже артериялық қысымды төмендетіп, қандағы қант пен май мөлшерін қалыпта ұстап, жүрек-қантамыр аурулары мен қант диабетінен сақтануға мүмкіндік береді.

Бірақ бұл дәрілердің де әсері керемет емес. Тіпті заманауи арықтататын препараттарды қабылдап жүрсе де, адам өзінің тамақтану тәртібін өзгертіп, дене белсенділігін арттыруы тиіс.

Бұл дәрілердің негізінен аштық сезімін азайтып, адам тойып тұрғандай әсер береді. Кейбірі тағамдағы майдың сіңуіне кедергі келтіреді. Яғни адам арықтайды, өйткені тақмақты аз жейді немесе жегені толық сіңбейді. Бұл жерде ешқандай «майды сиқырмен еріту» деген нәрсе жоқ.

Қазақстанда тіркелген арықтататын препараттар

Бүгінде әлемдік дәрі-дәрмек нарығында арықтауға арналған алты препарат бар. Қазақстанда олардың үшеуі тіркелген: орлистат, лираглутид және семаглутид.

Орлистат
1998 жылы тіркелген, арықтауға арналған алғашқы заманауи дәрілердің бірі. Ішке қабылдауға арналған капсула түрінде шығарылады. Қазақстанда «Листора» атауымен сатылады.

Әсер ету механизмі: Орлистат асқазан мен ұйқы безіндегі май сіңіретін ферменттердің жұмысын тежейді. Осылайша тағамдағы майдың 30%-ы ағзаға сіңбейді. Сонымен бірге несеп қышқылының деңгейі төмендеп, көмірсу алмасуы жақсарады.

Әсері: Каллориясы аз диетамен бірге қабылдағанда, алты айда орта есеппен 5-6 кг салмақ тасталады. Ал сол диета орлистатсыз қолданылса, арықтау 2,4 келімен шектеледі.

Жанама әсерлері: Майдың сіңірілмеуіне байланысты нәжіс қызғылт немесе қоңыр түсті майлы болады, газ шығару кезінде май бөлінеді, сұйық және бақыланбайтын дәрет, іш жиі өтіп, іш пен тік ішектегі ауырсыну, жүрек айнуы сынды кері әсері болады.

Лираглутид
2-типті қант диабеті мен семіздікті емдеуге арналған дәрі. Терінің астына егуге арналған сұйықтық түрінде шығарылады. Қазақстанда «Саксенда» атауымен тіркелген.

Әсер ету механизмі: Лираглутид GLP-1 рецепторларын (глюкагон тәрізді пептид-1) белсендіреді. Бұл рецепторлар ұйқы безі мен мида орналасқан. Лираглутид β-жасушалардан инсулин бөлінуін күшейтеді, қандағы қант мөлшерін азайтады және тәбетті басады.

Әсері: Әртүрлі клиникалық зерттеулерде әртүрлі нәтижелер көрсеткен. Бір зерттеуде 7 айда – 4,1 кг, басқа зерттеуде 4 айда 10 кг салмақ тасталған.

Жанама әсерлері: Жүрек айну мен құсу, диарея немесе іш қату, әлсіздік, гипогликемия (қанттың төмендеуі), бас айналу, бас ауруы және іштің ауыруы жиі кездеседі.

Семаглутид
2-типті қант диабеті мен семіздікті емдеуге арналған препарат. Терінің астына егуге арналған ерітінді түрінде шығарылады. Қазақстанда «Оземпик» атауымен тіркелген.

Әсер ету механизмі: GLP-1 рецепторларын белсендіреді, бұл инсулин секрециясын арттырып, асқазанның босауын баяулатады, тәбетті төмендетіп, тою сезімін ұзартады. Диабетпен ауыратындарда инфаркт пен инсульт қаупін азайтады.

Әсері: Адам 10 айда орташа 6 келі арықтайды.

Жанама әсерлері: Жүрек айну, құсу, іш өту немесе іш қату, іштің ауруы, кекіру мен қышқыл рефлюкс, іштің кебуі мен газ түзілуі, тәбеттің төмендеуі, мұрын мен тамақтың ауырсынуы, бас ауруы, бас айналу, әлсіздік, қанттың төмендеуі (тек диабеті бар адамдарда).

Қазақстанда тіркелмеген дәрілер

Төмендегі дәрілер Қазақстанда ресми тіркелмеген, бірақ басқа елдерде кеңінен қолданылады:

Тирзепатид («Монджаро», «Зепбаунд») – семаглутид пен лираглутид секілді GLP-1 рецепторларын белсендіреді. Сонымен қатар GIP рецепторларына әсер етіп, диабетті емдеуде тиімділігі жоғары. Бірақ салмақ түсіру жағынан «Оземпик» және «Саксендамен» шамалас әсер көрсетеді.

Бупропион + налтрексон («Контрав») бупропион – антидепрессант, тәбетті азайтады. Налтрексон – тәуелділіктерді емдеуге арналған дәрі, сонымен бірге тамаққа деген тәуелділікті азайтады.

Фентермин + топирамат («Ксимия») – фентермин тәбетті басады, әсері амфетаминге ұқсас. Топирамат – ұстаманы басатын дәрі, тою сезімін тезірек тудырады.

Сондай-ақ, әзірге ешбір елде тіркелмеген, бірақ клиникалық сынақтардан сәтті өтіп жатқан екі препарат бар:

Орфорглипрон – GLP-1 рецепторларын белсендіреді, бірақ басқаларынан ерекшелігі – ішке қабылданатын капсула түрінде шығарылады.

Амикретин – GLP-1 және амилин рецепторларын қатар белсендіреді. Амилин – қандағы қантты реттейтін ұйқы безі гормоны. Препарат ішуге және тері астына егуге арналған екі нұсқада шығарылады.

Сақ болыңыз – сибутрамин

Сибутрамин – серотонин және норадреналин секілді нейромедиаторлардың жұмысын күшейтетін дәрі. Бұл заттар орталық жүйке жүйесінде нейрондар арасындағы сигнал алмасуды қамтамасыз етеді. Сибутрамин олардың белсенділігін арттырып, тою сезімін ұзартады және осы арқылы салмақты азайтады.

1990 жылдардан бастап көптеген елдерде кеңінен қолданылды. Бірақ жүрек-қантамыр жүйесіне айтарлықтай зиян келтіретіні анықталған соң, 2010 жылдан бастап Еуроодақ пен АҚШ-та тыйым салынды.

Қазақстанда сибутрамин тіркелмеген. Алайда Ресейде тіркелген, сондықтан Қазақстанға бейресми түрде «Редуксин», «Голдлайн», «Слимия» атауларымен өтуі мүмкін.

Кімге арықтататын дәрі ішуге болады

Бұл препараттар – күшті әсер ететін дәрілік заттар. Оларды тек дәрігердің тағайындауымен және артық салмағы айтарлықтай адамдарға ғана ішуге болады. Индекс массасының көрсеткіші (ИМТ) кемінде 27 болуы шарт.

ИМТ – денедегі май мөлшерін сипаттайтын көрсеткіш. Ол келесі формуламен есептеледі:

  • ИМТ = салмақ (кг) / бой (м)²
  • ИМТ ≤ 24,9 – қалыпты салмақ
  • ИМТ > 27 – артық салмақ
  • ИМТ > 30 – семіздік

Сәл артық салмағы бар адамдарға, мысалы, «жазға қарай» арықтағысы келетіндерге бұл дәрілерді қолдануға болмайды.

Кейде ИМТ жоғары болса да, дәрігер ем тағайындамауы мүмкін. Бұл дәрілер ағзаға елеулі әсер етеді. Сондықтан дәрігер науқасты толық тексергеннен кейін ғана шешім қабылдайды. Кейбір адамдарға ілеспе ауруларға байланысты препараттар қарсы көрсетілуі мүмкін. Басқа біреулер дәрі-дәрмексіз-ақ дұрыс тамақтанып, белсенді өмір салтын ұстанып, арықтай алады.

Арықтататын дәрілерді қанша уақыт ішу керек

Бұл дәрілер үшін нақты қабылдау ұзақтығы бекітілмеген. Емдеу ұзақтығы дәрінің әсеріне байланысты:

Егер адам 3–6 айда салмақ тастап, ешқандай күрделі жанама әсер байқалмаса, дәрігер қабылдауды бір жылға дейін ұзартуы мүмкін.

Ал 6 ай өткен соң еш әсер болмаса, препарат тоқтатылады. Дәрігер басқа дәріні немесе басқа ем тәсілін қарастырады.

Егер күрделі жанама әсері байқалса, дәрі бірден тоқтатылады. Ем аяқталғаннан кейін көбіне салмақ қайта оралады. Бұған жол бермеу үшін дұрыс тамақтану мен белсенді өмір салтын сақтау қажет.

Арықтататын дәрілерді қабылдау – спорт пен дұрыс тамақтанудың орнын алмастырмайды. Олар тек өмір салтын өзгерте отырып, бірге қолданғанда ғана тиімді.

Авторы: Светлана Белицкая

Сондай-ақ оқыңыз