Астана маңындағы батпаққа батып қалған әйел екі тәуліктен соң аман табылды

Астана маңындағы батпаққа батып қалған әйел екі тәуліктен соң аман табылды. Полицияға 30 шілде күні кешке Астана қаласының тұрғыны жоғалғаны туралы ақпарат түскен.
Полицияға хабарласқан туыстары әйел адамның танысымен бірге табиғат аясында демалуға барып, бірақ сөзге келіп қалған соң жалғыз кетіп, байланысқа шықпай қалғанын айтқан. Осы уақыттан бастап оның ұялы телефоны да өшіп қалған.
Оқиға орнына дереу іздестіру тобы аттанды. «АСАР» еріктілері мен Есіл аудандық полиция басқармасының қызметкерлері сол түні-ақ іздестіру жұмыстарына кіріскен.
31 шілде күні таңертең құтқару жұмыстарына қосымша күш тартылды. Олардың қатарында Астана қалалық төтенше жағдайлар департаменті, Ақмола облысы Целиноград ауданының ТЖД қызметкерлері, кинолог мамандар мен ерікті азаматтар болды. Іздеушілер Астана маңындағы батпақ пен ашық даланы шолып шыққан.
Іздестіру жұмыстары екі күнге созылып, 1 тамыз күні кешке әйел адам аман табылды. Ол белінен төмен батпаққа батып қалып, өздігінен шыға алмаған. Еріктілер мен құтқарушылар оны дереу қауіпсіз жерге шығарып, медицина қызметкерлеріне тапсырған.
Polisia.kz ресми мәліметіне сәйкес, әйелдің өміріне қауіп жоқ. Оған қажетті медициналық көмек көрсетілді. Оқиғаның нақты мән-жайы анықталып жатыр.
«АСАР» еріктілер қозғалысы іздестіру барысында түсірілген бейнематериал жариялады. Онда батпаққа батып қалған әйелдің табылған сәті көрсетілген. Видео әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, жұртшылықтың назарын аударды.
Қоғамда резонанс тудырған бұл оқиға әлеуметтік желі қолданушылары арасында қатты талқыға түскен. Көпшілігі құтқарушылар мен еріктілерге алғыс білдіріп, бірлескен жұмыстың маңызын атап өтті.
Сонымен қатар, кейбірі әйел адамның түнгі уақытта батпақты жерге жалғыз кетуінің себебі мен оның жанындағы серігінің әрекетіне қатысты сұрақ қойды.
Бұған дейін Шымкентте жоғалған әйелдің денесі қоқыс жәшігінің жанынан табылғанын жазғанбыз.