Президент БҰҰ Бас хатшысымен келіссөз жүргізді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен келіссөз жүргізді. Бұл туралы Ақорда хабарлайды.
Президенттің айтуынша, Орталық Азияда орнықты даму мақсаттарына арналған алғашқы орталықтың ашылуы – бүкіл аймақ үшін маңызды оқиға. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастаманы қолдағаны үшін Антониу Гутеришке және оның ұжымына алғыс айтты. Сондай-ақ UN80 реформалық бастамасын жоғары бағалап, Қазақстан БҰҰ-ны реформалау жолындағы қадамдарды толық қолдайтынын жеткізді.
«Осы ретте еліміздің Ұйым қызметінің негізінде жатқан мультилатерализм, дипломатия және ынтымақтастық қағидаттарына әрдайым бейіл екенін тағы да растаймын», – деді Президент.
Антониу Гутерриш өз кезегінде Қазақстанның халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және орнықты даму мақсаттарын ілгерілетуге қосқан үлесін атап өтті.
«Қазақстан – бейбітшілік пен диалог символы, халықтар арасындағы алтын көпір әрі көптеген жағдайда әділ мәмілегер екенін көрсетіп келеді. Бұған осыдан ондаған жыл бұрын ядролық қарудан бас тарту туралы тарихи шешім негіз қалады. Бұл шын мәнінде бүкіл әлем үшін өнегелі іс болды», – деді БҰҰ Бас хатшысы.
Кездесуде БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығы қызметінің перспективасы, Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау мәселесі, халықаралық және өңірлік күн тәртібі, сондай-ақ басқа да өзекті тақырыптар талқыланған.