Қазақстан 2026 жылы өңірлік экологиялық саммит өткізеді – Тоқаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Алматы қаласындағы БҰҰ өңірлік орталығына барды. Олар Қазақстан Үкіметі мен Ұйым арасында БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығын құру туралы келісімге қол қойды. Сонымен қатар Тоқаев келер жылы өңірлік саммит өтеді деп мәлімдеді.
Президент бүгінгі іс-шараның Қазақстан ғана емес, Біріккен Ұлттар Ұйымы үшін де елеулі сипатқа ие екенін атап өтті. Бұл оқиға дүниежүзілік картада өте салмақты акторға айналып келе жатқан Орталық Азияның маңызы жөнінде халықаралық қоғамдастыққа айқын белгі бергенін жеткізді.
Президент бұл орталық аймақтағы елдер экономикасының орнықтылығы мен қарқынын күшейтуге, өңірлік инновацияны дамытуға және ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған үйлесімді іс-қимылдар катализаторы болады деп пайымдайды.
«Аталған орталықтың құзыреті мен функциялары аймақтағы немесе одан тысқары жерлердегі басқа ұйымдардың қызметін қайталамайды. Керісінше, Орталық аймақ халқының нақты сұранысына назар аударудың арқасында қабылданып жатқан шараларды толықтырып, оның мән-мазмұнын арттыра түседі. Арал теңізіндегі экологиялық дағдарыс пен Каспий теңізінің тартылуы сияқты Орталық Азия проблемалары баршаға белгілі. Бұл түйткілдердің тиімді шешімін табу үшін өңірлік ықпалдастықты нығайтып, оған Біріккен Ұлттар Ұйымын белсенді түрде тарту қажет. Осы ретте Қазақстан келесі жылдың сәуір айында Астанада БҰҰ агенттіктерімен бірге Өңірлік экологиялық саммит өткізеді», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Ауғанстанның бейбіт өмірі мен орнықты дамуы аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан айрықша маңызға ие.
«Қазақстан гуманитарлық көмек көрсетуге, білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруға, сауда-саттықты жандандыруға және азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты бастамалар арқылы ауған халқына қолдау көрсетуді жалғастырады. Екі ел арасындағы сауда көлемі ұдайы өсіп келеді. Біз Ауғанстанның бейбіт тіршілігі мен дамуы қатар жүруі керек деп санаймыз. Адамның қадір-қасиеті мен халықаралық құқық бір-бірімен тығыз байланысты. Оларды қамтамасыз етуге күш жұмылдырмайынша, тұрақтылыққа қол жеткізу мүмкін емес»,– деді Президент.
Антониу Гутерриш барлық қатысушыға ықылас танытып, аталған Орталықты ашу арқылы Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу жолында өңір үшін жаңа кезеңнің басталғанын айтты
«Бұл ортақ басымдықтар мен бірлескен шешімдерге негізделген Орталық Азиядағы ынтымақтастықтың жаңа дәуірін білдіреді. Аталған Орталық аймақ көшбасшылары арасындағы берік байланыстардың жан-жақты экономикалық интеграцияға қалай ұласатынын көрсететіндей әлеуетке ие. Мен Президент Тоқаевтың сарабдал саясаты мен көшбасшылығын жоғары бағалаймын. Оның бастамалары әлемдік тәртіпте рөлі артып келе жатқан Орталық Азияның жаңа келбетін қалыптастыруға ықпал етуде», – деді Бас хатшы.
Бұған дейін Ақорда қос тарап келіссөз жүргізгенін хабарлаған.