
«Хуторский» тобының басшысы деп аталып жүрген Хасан Қасымбаевқа қатысты қылмыстық іс материалдары сотқа жолданды. Ақпаратты Алматы облысы прокуратурасы растады, деп хабарлайды KursivMedia.
«Алматы облысы полиция департаментінің тергеу басқармасы Хасан Қасымбаев және басқаларға қатысты қылмыстық іс бойынша тергеп-тексеруді аяқтап, 21 шілдеде істі айыптау актісімен бірге облыс прокуратурасына жолдады», – деп хабарлады прокуратура ресми сауалға берген жауабында.
Алматы облысы прокуратурасы 2025 жылдың 29 шілдесінде айыптау актісін бекітіп, істі мәні бойынша қарау үшін Талғар аудандық сотына жолдады.
Тергеу мүддесіне қатысты өзге мәліметтер жарияланбайды.
Айта кетейік, 2024 жылдың қарашасында Қасымбаев қамауға алынды. Сол кезде Хасан Қасымбаевтың туған ағасы Аслан Қасымбаевтың Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы қызметін атқарып отырғаны белгілі болды.
2025 жылдың қаңтарында оның қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша күдікке ілінгені айтылды: адам ұрлау, бопсалау және денсаулыққа зиян келтіру.