Тестілеуге барған 99 адам магистратураға түсу мүмкіндігінен айырылды

Биыл 39 мыңнан астам адам магистратураға түсу үшін кешенді тестілеу тапсырды. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.
Нәтижесінде ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша түсушілердің 52%-ы, бейінді бағыт бойынша 21%-ы шекті балл жинады. Ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша орташа көрсеткіш – 78 балл, бейінді бағыт бойынша 23 балл болды. Ең жоғары балл – 139.
«Тестілеу басталғалы 99 қатысушының нәтижесі жойылды. Оның ішінде 67 оқуға түсуші смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өтуге тырысқаны үшін тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Кешенді тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 31 адам шығарылып, нәтижелері жойылды», – делінген ақпаратта.
Тағы бір жағдайда бір адам басқаның орнына тестке кіруге тырысқан.
Ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша магистратураға түсу үшін кемінде 75 балл, бейіндік бағыт бойынша кемінде 30 балл жинау қажет.
Айта кетейік, магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуге 51 мыңнан астам өтініш түскен. Ал магистратурада оқуға 13 мыңнан астам грант бөлінді.
Биыл магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеу 21 шілдеде басталды және 7 тамызға дейін жалғасады.
Айта кетейік, бакалавриат бойынша грант иегерлерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланады.