Жаңалықтар

Президент мораторийіне қарамастан, Алматыда 40 қабатты кешен салынады

Президент мораторийіне қарамастан, Алматыда 40 қабатты кешен салынады
Президент мораторийіне қарамастан, Алматыда 40 қабатты кешен салынады/фото: Фото: rams-global.com

Президент мораторийінен кейін де Алматыда Тимирязев көшесі мен Сейфуллин даңғылының қиылысында 40 қабатты ғимарат салынатыны хабарланды. Бұл туралы ҚазАқпарат агенттігі жазды.

Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы биік ғимараттарды салу тәртібін түсіндіріп берген.

Басқарманың хабарлауынша, Абай даңғылының оңтүстігінде, Әл-Фараби даңғылының солтүстігінде, Яссауи көшесінің шығысында және ШАЖ-тың батысында орналасқан тоғыз қабаттан жоғары көпфункционалды ғимараттарды салуға олардың қоғамдық маңыздылығы дәлелденген жағдайда және белгілі талаптар сақталғанда ғана рұқсат беріледі.

«Аталған учаскеде жоспарланып отырған тоғыз қабаттан жоғары көпфункционалды ғимараттарға тек архитектуралық-қала құрылыстық негіздеме арқылы олардың қоғамдық маңызы дәлелденсе, жоба шешімдерінің орнықтылығы қамтамасыз етілсе, соның ішінде энергия үнемдеуші, ресурс үнемдеуші және сейсмоизоляциялық технологиялар қолданылса, сондай-ақ қоршаған ортаға теріс әсері барынша азайтылса ғана рұқсат етіледі», – делінген жауапта.

Басқарманың мәліметінше, бұл нормалар 2024 жылғы 25 желтоқсанда өткен Алматы қаласы мәслихатының кезектен тыс XXVI сессиясының №193 шешімімен бекітілген. «Алматы қаласының құрылыс ережелерін бекіту туралы» құжаттың 11-тармағында жазылған.

Былтыр қабылданған құрылыс ережелері бойынша Абай мен Әл-Фараби даңғылдарының арасындағы аймақта ғимараттардың биіктігі 9 қабаттан аспауға тиіс.

Басқарма жоба мемлекеттік сараптамадан өткен-өтпегені және уәкілетті органдар тарапынан келісілген-келісілмегені туралы сұраққа кез келген құрылыс жобасы төмендегідей кезеңдерден өтетінін айтып жауап берген:

  • Құрылыс жобаларын әзірлеу үшін бастапқы деректерді алу;
  • Эскиздік жобаны әзірлеу және келісу;
  • Жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу және кешенді ведомстводан тыс сараптамадан өткізу;
  • Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарына құрылыс-монтаж жұмыстарының басталғаны туралы хабарлау;
  • Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу;
  • Салынған нысанды қабылдап, пайдалануға беру.

Басылым биыл мамыр айының басында құрылыс компанияларының бірі Алматының қаржы ауданында 40 қабатты RAMS Beyond мегажобасын таныстырғанын, әкімдік бұл жобаның серіктестері ретінде ҚазҚСҒЗИ институтын атағанына назар аударған.

Алайда елдегі басты ғылыми-зерттеу институты бұл нысанға қатысты ешқандай архитектуралық шешім әзірлемегенін және құрылыс салушыдан жобаға қатысты материал алмағанын мәлімдеген.

Бұған дейін Алматыға жұмыс сапарымен келген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қалада көппәтерлі тұрғын үй кешендері мен нүктелік құрылысқа мораторий енгізуді, тек Бас жоспарға енгізілген әлеуметтік инфрақұрылым нысандары мен туристік кластер жобаларынан басқасына тыйым салуды тапсырған болатын.