
Әлеуметтік осал санатқа жататын азаматтар біржолғы зейнетақы төлемінен ұсталған жеке табыс салығын (ЖТС) қайтарып ала алады. Зейнетақы қорының хабарлауынша, бұл өзгерістер қолданыстағы Салық кодексіне енгізілген, 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін өз күшінде болады.
2021–2022 жылдары тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе емделу үшін бір жолғы зейнетақы төлемін алған көптеген азамат одан 10 пайыз табыс салығын төлеген болатын. Ол кезде мұндай төлемдерге салық жеңілдігі қарастырылмаған еді. Алайда 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілген жаңа ережеге сәйкес, БЗТ сомасына 882 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) шегінде стандартты салық шегерімі қолданылады. Бұл – шамамен 3,4 млн теңге көлеміндегі сома салықтан босатылады деген сөз.
Осылайша, егер азамат зейтерақы қорынан бір реттік төлем алған кезде осы шегерім қолданылмай, салық төлесе, ол салықты қайта есептетіп, ұсталған соманы қайтарып ала алады.
Бұған дейін мұндай өтінішті БЗТ алған күннен бастап үш жыл ішінде ғана беруге болатын еді. Алайда көпшілік бұл мерзімге үлгере алмаған. Енді 2025 жылғы 15 шілдеден бастап өтініш беру мерзімі бес жылға дейін ұзартылды.
ЖТС қайтаруға құқығы бар азаматтардың нақты тізімі Салық кодексінің 346-бабында көрсетілген. Олардың қатарына 1, 2 немесе 3-топтағы мүгедектер, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналардың немесе қамқоршылардың бірі, жетім балаларды асырап алушылар, соғыс ардагерлері және басқа да әлеуметтік осал санаттар кіреді.
Салықты қайтарғысы келетін азаматтар БЖЗҚ-ның жақын жердегі бөлімшесіне барып, өтініш пен растайтын құжаттарды тапсыруы керек. Егер өтініш қанағаттандырылса, бұрын ұсталған салық сомасы азаматтың жеке зейнетақы шотына қайтарылады. Ал егер салықты кейінге қалдыру жолы таңдалған болса, онда болашақтағы ай сайынғы зейнетақы төлемдерінен оны ұстау міндеті жойылады.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Бұл заңға сәйукес барлық зейнетақы төлемдері жеке табыс салығынан толық босатылады. Сондықтан қазіргі жеңілдік 2025 жылдың соңына дейін ғана қолданылады.
Біржолғы зейнетақы төлемі – бұл салымшының БЖЗҚ-дан тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе емделуге ақы төлеу үшін алатын жинақ сомасы. Бұл қаражат міндетті зейнетақы жарналары (ал 2023 жылғы 1 шілдеге дейін – міндетті кәсіптік жарналар) есебінен қалыптасады.