
Мәскеуде 2024 жылы «Крокус Сити Холлда» болған жаппай лаңкестік шабуылға қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі басталды. Аталған оқиғада ресми дерекке сәйкес, 147 адам қаза тауып, 300-ден астамы жарақат алған еді. Ресей тарихындағы ең қанды шабуылдардың біріне қатысты іс жабық режимде қаралып жатыр. Бұл туралы BBC хабарлады.
Сот алдында 19 адам жауап беруде
Сот алдына 19 адам шығарылды: төрт негізгі айыпталушы және 15 «көмекші тұлға». Көмекшілердің қатарында пәтер иесі де бар — шабуылдаушылар сол жерде тұрған.
Тергеу ісі екі нұсқаны біріктіріп отыр: лаңкестікті «Ислам мемлекеті — Хорасан уалаяты» тобы ұйымдастырған деген ресми нұсқа, сонымен қатар шетелдік арнайы қызметтердің араласқаны және әрекет «Украина билігі мүддесінде» жасалғаны жайлы мәлімдемелер де айтылады. Бірақ бұл оқиғаға нақты тапсырыс берушілер мен ұйымдастырушылар әлі табылған жоқ.
Төрт басты айыпталушы – Тәжікстан азаматтары
Шабуылды жасады деп айыпталып отырғандар: Далерджон Мирзоев, Саидакрами Рачабализода, Шамсидин Фаридуни және Мухаммадсобир Файзов. Ең үлкені – 30 жаста, ең жасы – небәрі 20-да. Олардың барлығы Ресейде әртүрлі қарапайым жұмыстар істеген – құрылысшы, такси жүргізуші, зауытта жұмысшы. Ең жасы Файзов – шаштараз болып жұмыс істеп, Тәжікстандағы отбасына ақша жіберіп отырған.
2024 жылдың 22 наурызында, кешкі сегіз шамасында, «Пикник» тобының концертіне келген көрермендер залына кіріп жатқан сәтте, шабуыл басталды. Павильонға келген көліктен түскен төртеуі қарумен күзет пен көрермендерге оқ жаудырған, артынша концерт залын басып алып, креслоларды өртеп жіберген. Шабуыл бар болғаны 18 минутқа созылған. Сағат 20:15-те олар оқиға орнынан кеткенімен, ғимарат түгелге жуық жанып кетті.
Тергеу болжамы бойынша, Мирзоев — шабуылдың басты ұйымдастырушысы. Оның ағасы бірнеше жыл бұрын Сирияға кетіп, «Ислам мемлекеті» жағында соғысқан.
15 көмекшінің рөлі
Қалған 15 адам лаңкестікке көмек көрсетті деп айыпталып отыр:
- Екеуі — Хусен Медов пен Джабраил Аушев — жарамсыз қаруларды соғысқа жарамды етіп өзгерткен;
- Шахромджон Гадоев, Зубайдулло Исмоилов, Хусейн Хамидов, және Солиевтер ағайындылары (Умеджон мен Мустаким) – қару-жарақ пен оқ-дәрі жеткізген;
- Якубджон Юсуфзода – шабуылдаушылар тұрған пәтерге ақша жіберген;
- Назримад Лутфуллои – криптовалютаны рубльге айналдырған;
- 22 жастағы Джумахон Курбонов – байланыс құралдарын қамтамасыз етіп, оның ақысын төлеп отырған.
Кейбір көмекшілер шетелде тұтқындалған немесе іздестірілуде.
Соттың ресми түсіндіруінше, экстремизм белгілері барына қарамастан, шабуылдың ұйымдастырушылары процедуралық себептермен толық анықталмаған. Алайда бұл сот процесі Ресейдегі соңғы жылдардағы ең резонансты істердің бірі болып отыр. Іс бойынша үкім шығуы бірнеше айға созылуы мүмкін.
«Крокус Сити Холлдағы» шабуыл – Ресейдің соңғы тарихындағы ең көп адам қаза тапқан лаңкестік оқиғалардың бірі. Қайғылы оқиға Беслан мектебінің басып алынуынан кейінгі екінші ең ауыр оқиға ретінде аталып отыр.