
Астана қаласының әкімшілік істер жөніндегі соты Каспий теңізіндегі ірі Қашаған кен орнын игеріп жатқан North Caspian Operating Company (NCOC) консорциумына салынған $4,2 млрд көлеміндегі экологиялық айыппұлды жойғанына қатысты түсініктеме берді.
Соттың мәліметінше, Атырау облысының Экология департаменті тарапынан берілген экологиялық заңбұзушылықтар туралы нұсқама процедуралық қателіктерге байланысты заңсыз деп танылған. Бұл ретте, сот шешімі экологиялық заңбұзушылықтың болмағанын білдірмейді.
«Нұсқаманың күшін жою оның мазмұнына қатысты емес, оны рәсімдеу кезінде әкімшілік процестік кодекстің талаптары сақталмаған. Сондықтан сот экологиялық заңбұзушылық фактісін бағалаған жоқ», – деп нақтылады Астана қаласының соты.
Соттың айтуынша, Экология департаменті процессуалдық қателіктерді түзеп, NCOC компаниясына қатысты қайта талап қоюға құқылы.
Экология департаменті қандай заңбұзушылықтар туралы айтқан?
Атырау облысының Экология департаменті NCOC-ты бірнеше экологиялық нормаларды бұзды деп айыптаған. Атап айтқанда:
- Кен орнында күкірт блогын өңдеу барысында шаң басу үшін су бүрку технологиясы қолданылмаған, бұл ауаға күкірт шаңының таралуына себеп болған.
- Сонымен қатар, 2022 жылы күкірт көлемі бекітілген шекті мөлшерден айтарлықтай асып кеткен. Рұқсат етілген лимит — 730 мың тонна болса, нақты жиналған күкірт көлемі 1,7 миллион тоннадан асып кеткен.
Қашаған: Қазақстандағы ең ірі мұнай-газ жобасы
NCOC консорциумының құрамына әлемдік ірі компаниялар кіреді. Атап айтқанда:
- KMG Kashagan B.V. – 16,877%
- Shell Kazakhstan Development B.V. – 16,807%
- Total EP Kazakhstan – 16,807%
- Agip Caspian Sea B.V. – 16,807%
- ExxonMobil Kazakhstan Inc. – 16,807%
- CNPC Kazakhstan B.V. – 8,333%
- Inpex North Caspian Sea Ltd. – 7,563%
Бұл жобаға салынған жалпы инвестиция көлемі 60 млрд доллардан асады. Қашаған кен орны – Қазақстан экономикасы үшін стратегиялық маңызы бар ірі жобалардың бірі.
Астана сотының шешімі экологиялық бұзушылықтардың жоқтығын емес, тек оларды рәсімдеу кезіндегі заң бұзушылықтарды көрсетеді. Яғни, NCOC консорциумына қатысты экологиялық мәселе әлі де ашық күйінде қалып отыр. Экология департаменті рәсімдерді заң аясында қайта жүргізіп, мәселені қайта көтеруге құқылы.