
3 тамыз күні АҚШ-тың Вирджиния штатындағы Александрия қаласында мектеп оқушылары арасындағы шахматтан әлем чемпионаты басталды. Бұл айтулы додаға 48 елден 55 команда, яғни 286 жас шахматшы жиналды. Қазақстан атынан алты команда қатысып жатыр. Чемпионат 6 тамызға дейін жалғасады және FIDE World Schools Team Championship 2025 атауымен өтіп жатыр.
Жарыс Episcopal High School кампусында өтуде. Бұл — АҚШ астанасы Вашингтонмен шекаралас қаладағы беделді оқу орны. Турнир 4 ойыншыдан тұратын құраммен, рапид уақыт бақылауында (45 минут + 10 секунд) өтуде. Барлығы 8 тур жоспарланған.
Қазақстанның үздік командалары
Қатысушы командалар орташа рейтинг бойынша тізімделген. Қазақстаннан қатысқан мектептер рейтингке қарай төмендегідей орындарда тұр:
- 1-орын – РФММ (Алматы): орташа рейтинг – 2229, құрамында Эдгар Мамедов (2299), Иманғали Ахилбай (2292), Зарина Нұрғалиева (2152), Алихан Дәулет (2173), Адижан Есенғали (1989), капитан – Саят Егенбердиев.
- 6-орын – SEED Educational Complex (Астана): орташа рейтинг – 1959.
- 10-орын – РФММ-2 (Астана): рейтинг – 1904.
- Қалған командалар — РФММ-1 (Астана), IT-лицей №9 (Шымкент), және Д. А. Қонаев атындағы мектеп-гимназиясы (Ақтөбе) — тиісінше 23, 37 және 40-орындарда.
Мұндай рейтинг айырмашылығы командалар арасындағы жас ерекшеліктеріне байланысты. Себебі ел ішіндегі іріктеу екі санат бойынша (U18 және U12) өткен. Ал әлем чемпионатында жас ерекшелігіне қарай бөлу жоқ.
Басты қарсылас — Үндістан командасы
Қазақстанның басты қарсыластарының бірі — Үндістанның Velammal MHS School (Ченнай) командасы. Орташа рейтингі — 2210. Бұл командада халықаралық шеберлер Асват С. (рапид – 2369, классика – 2500) және Илампартхи А. Р. (2358/2515) ойнайды. Бұл шахматшылар жуырда ғана Франция мен Германиядағы беделді турнирлерде топ жарып, үлкен әсер қалдырды.
Чемпионатты ресми тұлғалар ашты
Чемпионаттың ашылу салтанатына FIDE президенті Аркадий Дворкович, Халықаралық мектеп шахмат федерациясының (ISCF) президенті және KazChess басшысы Тимур Турлов, сондай-ақ Барбадос елінің Білім беру министрі Чад Блэкман қатысты.
Тимур Турлов өз сөзінде:
«Бүгін біз тек жарыс емес, жас шахматшыларды біріктіретін үлкен оқиғаны бастаймыз. Шахмат — бұл спорт қана емес, бұл – ойлау салты. Ол шешім қабылдауға, жауапкершілік пен тәртіпке баулиды. Бұл дағдылар адам өмірінде, кәсібінде, қоғамда аса маңызды».
Салтанатты рәсімде Турлов пен Дворкович бірінші турдағы РФМШ (Алматы) – Giersings Realskole (Дания) матчында алғашқы символдық жүрісті жасады.
Турнирдің алғашқы екі турында Қазақстанның үш көшбасшы командасы да қатарынан екі жеңіске жетіп, жарысты сәтті бастады. 3-турда қазақстандықтар өзара ойнайды — РФМШ (Алматы) мен РФМШ-2 (Астана) кездеседі. Ал SEED Educational Complex командасы Жаңа Зеландияның Wellington College ұжымымен ойнайды.
4–5 тамызда осы қалада Smart Moves Summit 2025 атты саммит өтеді. Онда шахмат арқылы білім беру жүйесін жетілдіру тақырыбы қозғалады. Басты спикерлер қатарында FIDE вице-президенті Дана Рейзниеце-Озола, Тимур Турлов, FIDE-нің «Шахмат және білім» комиссиясының төрағасы Джерри Нэш, Уганданың шахмат мектебі негізінде түсірілген Disney фильміне арқау болған Роберт Катенде бар.