
Tesla компаниясы бас директор Илон Маскіге шамамен 30 млрд долларға акция түрінде уақытша сыйақы тағайындады. Бұл туралы Bloomberg хабарлайды.
Жаңа келісімге сәйкес, автогиганттың 96 млн акциясы Маск меншігіне өтеді. Бірақ ол үшін миллиардер компаниядағы жоғары қызметті тағы екі жыл атқаруы керек.
Айта кетейік, осының алдында Делавэр штатының соты, акционерлер шағымынан соң, 50 млрд доллар өтемақы төлеуге тыйым салған.
Директорлар кеңесінің жаңа уақытша шешімінен соң, Нью-Йорктегі сауда қарсаңында Tesla акциялары 2,7%-ға қымбаттап, 310,80 доллар болды.
Айта кетейік, 2024 жылдың аяғында, Дональд Трамп президент сайлауында жеңіске жеткеннен кейін, Tesla акциялары қатты көтерілген. 12 желтоқсанда TSLA құны 480 долларға жеткен. Себебі Маск президент қызметіне үміткерді қолдап, саяси науқанына миллиондаған доллар аударған.
Жаңа президент қолдауы арқасында, Илон Маск адамзат тарихында дәулеті 400 млрд доллардан асқан алғашқа адам атанды.
Алайда Масктің Ақ үйдегі саяси мансабы оның кәсібіне кері әсер етті. Президент пен миллиардер достығы жалжалмен аяқталды. Кәсіпкердің Құрама Штаттарда бюджет қызметкерлерін қысқартуы ел ішінде наразылық туғызды. Ал оның өткір саяси мәлімдемелері әсіресе Еуропада Tesla электромобильдері саудасының күрт төмендеуіне әкеп соқтырды.
Ақыр соңында Маск Ақ үйден кетіп, кәсіпке ғана көңіл бөлетінін мәлімдеді. Ол Tesla басшылығында бес жыл отыратынын айтты.