
ОПЕК+ елдері 2025 жылғы қыркүйекте бір тәуліктегі мұнай өндірісін тағы 548 мың баррельге көтерген соң, әлем нарығында мұнай арзандап жатыр. Дүйсенбі, 4 тамызда Brent маркалы мұнай фьючерсі 69,65 доллар болды.
Сауд Арабиясы, Ресей, Қазақстан және тағы бес елді біріктіретін ірі мұнай ұйымы 2025 жылғы көктемнен бері ай сайын мұнай өндірісін үздіксіз арттырып келеді. Картел мұндай шешімді бастапқыда квотадан қайта-қайта асып кетіп жүрген Қазақстан секілді елдерді «жазалау» үшін қабылдаған.
Соған байланысты, Қазақстанға арналған мұнай квотасы болмашы ғана көтеріледі. Тамызда – 1,532 млн баррель, қыркүйекте – 1,55 млн баррель. Салыстырар болсақ, Сауд Арабиясы тәулігіне 9,978 млн, ал Ресей 9,449 млн мұнай өндіре алады.
Brent бағасы өткен аптадан бері шамамен 3,5 долларға, ал 19 маусымнан бері шамамен 7 долларға арзандады. Бір жарым ай бұрын, Израиль мен Иран арасындағы қақтығыс өршіп тұрған уақытта, мұнай құны 77 доллардан асып кеткен еді.

Алайда, апта соңында мұнай құны қайта көтерілуі мүмкін. 8 тамызда АҚШ президенті Дональд Трамптың Мәскеуге ультиматумы түгесіледі. Ресей Ақ үй қожайыны талабын орындамаса, онда АҚШ Мәскеуге санкция салады. Трамп Ресейден мұнай-газ алып отырған елдерге де қосымша 100% баж салығын енгізіуі мүмкін.
Сарапшылардың пікірінше, сол кезде мұндай шектеулер әлемдегі мұнай транзитіне кері әсер етеді. Сол кезде Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 85 долларға дейін қымбаттауы мүмкін.
Осының алдында ғана Трамп Мәскеуге ультиматум мерзімі аяқталған соң не болатыны жайында баяндаған.
Шикізат экспортына тәуелді Қазақстан экономикасы үшін мұнай бағасының арзандап жатқаны тиімсіз. Мемлекеттің бюджет туралы заңында мұнайдың бір баррелі 75 доллар деп есептелген.